Қаңтар көтерілісінде алаңға талап айтып шыққан талай азамат істі болып жатқаны баршаға аян. Билік “алаңға шыққандардың арасында лаңкестердің саны басым болды” риторикадан танбай отыр.
Алматы облысы Есік қаласының тұрғындары 22 жастағы Бақыт Оңтай мен Өжет Жеңісханға Алмалы аудандық сотының судьясы 5 жыл жаза тағайындаған.
Айта кетерлігі, Қаңтар оқиғасына байланысты жүздеген азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалғанымен, сотқа жетпеген еді.
Бақыт пен Өжетке Қылмыстық кодекстің 291 бабы 3 бөлігі бойынша (“Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу”) айып тағылған.
Ал бұларға мемлекет тарапынан бекітілген адвокат Құралай Қалиасқарова екеуінің де айыптарын толық мойындап отырғанын айтады.
– “Алпамыс” дүкенінен қару-жарақ ұрлап, тығып қойған жерінен алып бергенін айтты, – дейді адвокат.
Сотталушының бірі Бақыт Оңтайдың анасы Ақмарал Байсейітова айтуынша баласын 13 қаңтарда Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері алып кеткен. – Түнгі 23:00 шамасында баламды алып бір топ полицей келіп, үйді тінтті. Баламды қайта әкетті, содан кейін көрмедім. Үш күннен кейін баламның үстінен қару-жарақ ұрлауға қатысты іс қозғалғанын естідім, – дейді ол.
Ал сот шешімімен келіспеген Өжет Жеңісханның әкесі президент Тоқаевқа үндеу жолдады.
“Менің ұлым террорист емес. Ешқандай қылмыстық ұйымға қатысы жоқ. Алаңға өзінің талабын айту үшін шықты. Бейбіт шеруге қатысты. Сол кезде әлдекімдер қару кезеп, қорқытып, қолына қару ұстатып жіберген. Ол қарудан оқ атылмаған. Құрметті президент, сізден ұлымызға араша түсуді түсуді сұраймыз. Жаңа Қазақстандағы сот жүйесі әділ шешім шығарарын айтып едіңіз, біздің баламызға әділетсіз үкім шығарып отыр”, – дейді Жеңісхан Әкрамұлы.