arasha.kz

Митингіде ұсталған азаматтарға адвокаттарды кіргізбей жатыр

Фото: Сәрсенбек Қызайбекұлы

Оппозиция топтары бірлесіп, 1 наурызда жасаған митингілер кезінде әр қалада полиция ұстаған адамдардың ресми саны әзірге белгісіз. Митинг өтуі жоспарланған жерлерде және соған жапсарлас орындарда полиция ұстаған белсенді азаматтардың саны БАҚ беттерінде жарияланып жатыр. Алматыда полиция тұтқындағандардың арасында «Дат» жобасының жетекшісі Ермұрат Бапи және тәуелсіз журналист Бақытжан Қосбармақов болған. Астанада әкімшілікке жақын алаңнан ұсталғандар ішінде «Республика» қозғалысының белсенділері бар. Қозғалыс парақшасында: «Біздің белсенділер Бэлла Орынбетова, Айсұлтан Жақыпов, Мұратбек Кәрім қазір Астана қаласының Алматы аудандық Ішкі істер бөліміне жеткізілген. Жағдайын сұрауға барған досымызды да ішке кіргізіп, фотоға түсіріп, саусақ іздерін алып, тергеген. Қазір іштегі достарымыздың жағдайын біле алмай отырмыз. Адвокатымыз ішкі кіре алмай тұр. Қарапайым азаматтар түгілі, адвокаттарды да кіргізбей жатыр. Біздегі мәліметтер бойынша, белсенділерімізге сот болып жатыр. Мәлімет анық емес» деген жазба жарияланды.

Оппозициялық топтар азаматтық белсенді Дулат Ағеділдің өлімінен кейін 1 наурызда митингіге шығуға үндеу жасаған еді. Әзірге ІІМ рұқсат етілмеген митинг кезінде қанша адам ұсталғанын хабарлаған жоқ.

Exit mobile version