Біз «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қожайыны Лакшми Миттал мен менеджері Палаватха Кришнанның әрекетсіздігі үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етеміз!
Петицияға қол қойған азаматтар мемлекет басшысына осындай талап қойып отыр.
Құрметті Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев! Ресми деректер бойынша, соңғы 15 жылда «АрселорМиттал Теміртау» нысандарында 100-ден астам адам қаза тапқан. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. ArcelorMittal халықаралық компаниялар тобында әрбір екінші өлім қазақстандық бөлімшеде орын алады – делінген петиция мәтінінде.
Олардың сөзінше 2016 жылдан бері «АМТ» АҚ көмір кеніштеріндегі апаттар үрдісі төмендеген жоқ.
2016-2022 жылдары 18 жазатайым оқиға орын алып, нәтижесінде 19 шахта жұмысшысы қаза тауып, тағы 45 жұмысшы әртүрлі ауырлықтағы жарақаттар алды. 2021-2022 жылдар аралығында «АМТ» АҚ кәсіпорындарында 4 жазатайым оқиға тіркеліп, 21 адам зардап шекті, 12 адам қаза тапты. Жақында болған қайғылы оқиға 40-тан астам кеншінің өмірін қиып, Қазақстан тарихындағы ең ірі трагедиялардың біріне айналды. Кеншілер еңбекақыны көтеру және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарымен басшылыққа бірнеше рет жүгінген. Соңғы 5 жылда «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының табысы 1 трлн теңгеге жеткен. Компания өзінің менеджері Палаватха Кришнан Наир Биджуға 2021 жылға 375,9 миллион теңге немесе айына 31,3 миллион теңге немесе күніне 1,01 миллион теңге төледі – делінген ашық хатта.
Осыған байланысты петицияға қол қойған азаматтар өз талаптарын жолдады.
Біз, петицияға қол қойған азаматтар, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қожайыны Лакшми Миттал мен менеджері Палаватха Кришнанның қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қасақана әрекетсіздігі үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етеміз! Сондай-ақ компаниядағы еңбек жағдайын тексеруі тиіс мемлекеттік қызметкерлерді де ұмытпау керек! – деді олар.
Қазіргі жағдайда петицияға 1300-ге жуық адам қол қойған.
Arasha.kz
ФОТО: novoetv.kz