arasha.kz

Моңғолия қазақтары Тоқаевқа хат жазды

Фото:aqorda.kz

Фото:aqorda.kz

Моңғолияда тұратын бір топ этникалық қазақ президент Тоқаевқа хат жазған. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

«Хатта қандастарымыз осынау қиын қыстау заманда Қазақстанға білім алу үшін келген қаракөздерге қамқорлық көрсетіп, барлық жағдай жасап отырған мемлекетімізге, осындай жағдайдың жасалуына пәрмен беріп, бақылауда ұстап отырған Президентке ризашылықтарын білдірген» дей келіп Б.Уәли хаттан үзінді жариялады.

«Сізге қиырдағы Моңғолия мемлекетінде мекен еткен қазақ қандастарыңыздың атынан дұғай сәлем! Қызметіңізге сәттілік пен табыс тілейміз. Қазақстанның абыройы арта берсін! Әлемді жайлаған мына індет тезірек кетіп, ақжарылқап уақыт басталсын деп, Жаратқаннан сұраймыз.
Осы шекаралар жабылып, ұшақ ұшпай, көлік жүрмей қалған қиын кезде біздің біраз оқушы баламыз Қазақстан Республикасында қалып қойды. Біз бұған әу баста қатты алаңдадық. Тіпті, уайымдап, әбіржіген кезіміз де болды.
Алайда, бұнымыз бекер болып шықты. Ең біріншіден, Президент ретінде Өзіңіздің қамқорлығыңыздың арқасында, екіншіден, Білім және ғылым министрлігі мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің көмегімен Қазақстанға білім іздеп барған даярлық бөліміндегі ұл-қыздарымыздың тамағы тоқ, көйлегі көк. Олар да ел азаматтарымен бірдей карантин талаптарын сақтап, ақпараттық технология жүйесімен сабақтарын оқып жүр. Мұны телефон арқылы күнде біліп отырмыз. Көңіліміз орнына түсті. «Шүкір!» деп отырмыз» делінген хатта.

Exit mobile version