arasha.kz

«Мықты адвокатура – құқықтық мемлекеттің тірегі»

Сауатты, білікті, табанды адвокаттар барда соттағы әділетсіздік, жазықсыз жаза ұғымдарының келмеске кететіні рас. Сондықтан елімізде сот, прокуратура, күштік құрылымдарды жаңғыртумен қатар, мықты адвокатураны қалыптастыруға қадам жасалуда. Жақында Қазақстандағы республикалық адвокаттар алқасының мұрындық болуымен өткен халықаралық форумның да мақсаты тәуелсіз, кәсіби қорғаушылар қалыптастырумен тамырлас.

«Мықты адвокатура – құқықтық мемлекеттің тірегі» деген тақырыппен өткен халықаралық форум Қазақстан Астанасына алыс-жақын мемлекеттердегі адвокатура саласының саңлақтарының басын біріктірді. 300-ден астам қонақтың арасында АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Сингапур, Тынық мұхиты және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері, Грузия, Түркия, Армения, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан адвокаттық қауымдастықтарының өкілдері бір алаңда адвокаттар қауымына ортақ мәселені талқы тақырыбына айналдырды. Форумда адвокаттық қоғамдастық өкілдерімен әріптестік байланыс орнатуға, әлемдік адвокатура мен жалпы заңгерлік кәсіптің алдында тұрған негізгі мәселелерді талқылауға кең мүмкіндік жасалды.

Іскерлік бағытында ұйымдастырылған іс-шарада адвокатура институтының даму перспективаларына қатысты пікір алмасуға; құқық үстемдігі принципін күшейтуге; заң мамандығының бейіндік тақырыптарын сараптауға жол ашылды.

Жалпы салыстырмалы түрде алғанда кейінгі жылдары Қазақстанның адвокатурасы жаңа деңгейге көтерілгені рас. Бүгінде адвокатура мықты заңгерлерді топтастырған, еліміздегі ең жоғары бағаланатын кәсіп иелері. Бұл құқықтық мемлекеттің басты белгісі.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында адвокатура қазіргідей сұранысқа, құрметке ие бола қойған жоқ. Қарапайым халық бұл тұста қорғаушылар көмегіне көп иек артпайтын. Өзінің қоғамға қажет екенін, заң үстемдігін қалпына келтірудегі басты тұлға екенін дәлелдеу үшін адвокаттар қауымына біраз еңбектенуге тура келді. Соның нәтижесінде соңғы жылдары жағдай айтарлықтай өзгерді. Адвокаттар сот алаңында азаматтар құқығын қорғаумен бірге, заң шығару, құқықтық реформаларды жүзеге асыру барысында салиқалы пікір айтатын ортаға айналды. Осыдан бір жыл бұрын республикалық адвокаттар алқасына төраға сайлаудағы қызу пікірталас, ереше белсенділік қорғаушылар ортасындағы тәуелсіздік пен ой, пікір еркіндігінің дәлелі болса керек. Осы сындарлы бәсекеде адвокаттардың басым бөлігінің қолдауына ие болып, алқа төрағасына сайланған Айдын Бікебаев саланы жандандыруға бар күш-жігерін жұмсап келеді. Елордада ұйымдастырылып отырған халықаралық форум да республикалық адвокаттар алқасының бірлігі бекем ұйым екенін, күшті құрылым екенін айғақтайды.

Vll адвокаттар форумы қазақстандық адвокатураның адам құқықтарын қорғау саласындағы танылған әлемдік ұйымдармен халықаралық ынтымақтастығының тиімділігін көрсетті. Отандық адвокаттар халықаралық озық тәжірибелерге сүйене отырып, озық құқықтық жүйе орнықтыруға талаптанып келеді. Адвокатураны азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға арналған негізгі институттың бірі ретінде қалыптастыру аса өзекті. Елімізде осы саланы дамыту үшін кешенді шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, адвокаттар алқасына кіру жарнасы алынып тасталды, қылмыстық процестегі қорғаушының өкілеттігі айтарлықтай кеңейді, олардың дербестігі арта түсті. Осы секілді қоғам үшін маңызды құқық қорғау тәсілдерін нығайтуда Республикалық адвокаттар алқасының маңызы зор. Мемлекеттік органдар алқамен біресе жұмыс жүргізіп, сот процесіндегі тараптардың бәсекелестігі мен теңдігін қамтамасыз етуге талап жасап отыр. Ал халықаралық форум заңгерлер қауымдастығымен, халықаралық сарапшыларымен диалог орнатып, саланы жетілдіруге ықпал ететін жаңашылдықтарды қарастыруға мүмкіндік береді.
Форум шын мәнінде мазмұнды, пікірталасқа толы болды. Әлемнің әр түкпірінде адвокаттық қызметпен айналысып, белгілі бір жетістікке жеткен тұлғалар қызмет барысында кездесетін олқылықтар мен ескертулерді әріптестер талқысына салды. Шара барысында әлемдегі озық тәжірибелерді зерделеуге мүмкіндік туды.

Халықаралық форумға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаетың арнайы қттықтау жолдауы да бұл институтқа мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінетінін көрсетсе керек. «Басқосуда Қазақстандағы адвокатура саласын дамытуға септігін тигізетін салмақты ой, салиқалы пікірлер айтылады деп сенемін» деген ел Президенті қатысушыларға сәттілік тілеген.

Іс-шараға арнайы қатысқан Қазақстанның орталық мемлекеттік органдарының, Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың басшылары, Парламент депутаттары, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де адвокаттар алқасының бастамасына табыс тілеп, екіжақты бірігіп шешілуі тиіс мәселелерге жан-жақты тоқталды.

Мәселен, прокуратура өкілі Тимур Тәшімбаев Қазақстан адвокатурасының жетістіктеріне тоқталып, соңғы жылдары қылмыстық процестегі қорғаушылар өкілеттігінің едәуір кеңейтілгенін атап өтті. Адвокаттар өз жұмысында Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті дайындайтын цифрлық құралдарды белсенді пайдалануда. Тергеудің электрондық форматының арқасында олар істердің электрондық материалдарына онлайн қол жеткізуде. Бұл азаматтардың құқықтарын қорғаудың қосымша кепілі болып табылады.

Сонымен қатар, форум барысында қала, ауылдарда тегін құқықтық көмек алу үшін тең мүмкіндік жасаудың түйткілді тұстары сарапқа салынды. Адвокаттар тәуелсіздігіне берілетін кепілдік, адвокаттар қауіпсіздігі, сот процесіндегі адвокаттар құқығының шектелуіне қатысты өзекті мәселелерге пікір қосқан әріптестер «Мықты адвокатура – құқықтық мемлекеттің тірегі» атты форумның қарарын қабылдады. Мұндағы басты бағдар ретінде алынған мәселелер алдағы күні кешенді түрде шешілуі тиіс.

Ең алдымен, отандық адвокатура алқасы қорғаушы қызметіне ықпал ету, араласу тетігін жойып, өз клиенттерінің мүддесін мінсіз қорғауы үшін адвокаттар тәуелсіздігін одан әрі дамыту қажет. Осы ретте адвокаттардың тәртіптік жауапкершілігі мен мамандыққа қабылдау, адвокат мәртебесін тоқтату мәселелерін адвокатура алқасына толық беру маңызды. Адвокаттық кәсіпті реттеуде әлемдік тәжірибеде қабылданған стандарттарға сүйеніп, адвокаттың сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына, прокуратура мен сотқа тәуелділігін жою кезек күттірмейді. Соңғы уақытта адвокаттарға қоқан-лоққы жасап, меншігін бүлдіру, күш қолдау әрекеттері жиілеп кетті. Соған орай адвокаттарды өмірі мен денсаулығына қауіп-қатерлер мен қол сұғушылықтан қорғау бағытында нақты шаралап қабылдау керек.

Адвокат өз міндетін кедергісіз атқаруы үшін оның сұрау салған сұрақтарына жедел, кедергісіз жауап беру, заңмен қорғалатын құпияға қол жеткізуін кеңейту де жедел шешуді талап ететін мәселенің бірі. Сондай-ақ, айыптау мен қорғау тараптарының теңдігі туралы қылмыстық процесс қағидатын нақты қамтамасыз етуге бағытталған пәрменді шаралар қабылдау қажет.

Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Жолшыұлының айтуынша, халықаралық форум қарарында адвокаттармен қатар, сот реформасын дамытуға да басымдық берілген. Сот реформасы тараптардың нақты бәсекелестігін және судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталуы керек. Адвокаттарға тәжірибе барысында кедергісін тигізетін түйткілдерді нақты реттеу үшін алдағы уақытта сот ісін жүргізудің барлық түрлері бойынша және барлық істер үшін кемінде үш судьядан тұратын алқалы құрамда толыққанды кассациялық саты енгізу қажет. Әрі оған тараптар мен олардың адвокаттарының тікелей қатысу мүмкіндігін беру маңызды. Адвокаттар алқасы судьялар тәуелсіздігіне кедергі келтіретін барлық тетіктерді жою; адвокатураның конституциялық мәртебесін бекіту; адвокаттың заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті күшейту және ол орын алатын негіздердің тізбесін нақтылау; заң көмегін көрсету кезінде адвокаттардың техникалық құралдарды пайдалануына кедергілерді жоюды ұсынып отыр. Бұл мәселелер кешенді түрде шешімін тапса, мықты адвокатураның әділетті мемлекет құрудағы ролі арта түспек.

Exit mobile version