27 тамызда Qalampir.uz сайтына жарияланған журналистік зерттеу президент әкімшілігінің тапсырмасымен өшірілді, – деп хабарлайды Орталық Азия жаңалықтар қызметі.
Материалда премьер-министр Абдулла Әріпов қол қойған жарлықтарға сәйкес бөлінген бюджет қаражатының қалай жаратылғаны туралы сөз болған. Онда сыбайлас жемқорлық, тамыр-таныстық туралы да айтылған. Зерттеу бірнеше сағаттан соң басылым сайты мен оның YouTube-арнасынан өшірілді.
Журналистік зерттеуде ұйымдастыру комитетінің өкілдері Париждегі Олимпиада ойындарына бюджет қаражаты есебімен барып, қымбат қонақ үйлерде тұрғаны жазылған.
Редакция қызметкерінің айтуынша, материал Өзбекстан президенті әкімшілігінің наразылығынан кейін өшірілген.
Qalampir.uz журналистерінің мәлімдеуінше, Тәуелсіздік күні мен парламент сайлауы қарсаңында «жағымсыз материалдар» жариялауға болмайтыны ескертілген.
Газета.uz сайты да Өзбекстанның Олимпиадаға қалай қатысқаны туралы журналистік зерттеуін жарияланғанына бірнеше сағат болғанда өшіруге мәжбүр болған. Мақалада Парижден әкелінген әрбір жүлде салық төлеушілер үшін 4,1 миллион долларға түскені айтылған.
Редакция қызметкерлерінің айтуынша, мақала кейінгі күндері өшірілген ондаған материалдың бірі ғана.
Anhor.uz басылымы да сайлау қарсаңындағы өзгерістер мен орталық сайлау комиссиясының 2023 жылғы шығындары туралы сараптамалық материалын алып тастауға мәжбүр болған.
Осының алдында Human Rights Watch ұйымы Өзбекстанда биліктің белсенділерді, блогерлерді және билікті сынаушыларды жиі қудалай бастағанына назар аударған.
2023 жылғы наурызда 40 журналист пен блогер президент Шавкат Мирзияевқа хат жазып, елдегі цензура мен қудалауға алаңдап отырғанын айтқан.
Халықаралық «Шекарасыз тілшілер» (RSF) ұйымы биыл мамырда әлемдегі сөз еркіндігі туралы кезекті есебін жариялады. Онда Өзбекстан бір жылда 11 саты төмендеп, 148-орында қалған.