Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық соты пара алды деген күдікке ілінген Байқоңыр ауданының экс-әкімі А.Есіловтің ісін қарап, оған 15 450 000 теңг айыппұл көлемінде жаза кесті. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлайды.
«А.С.Есилов 15 450 000 теңге, С.С.Нуртазин – 7 725 000 теңге көлемінде айыппұл түріндегі жазаға сотталды.
Екі сотталушы да өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды.
Айыппұлды төлеуден өрескел бұлтарған жағдайда, аталмыш жаза түрі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады. Сот үкімі күшіне енген жоқ» делінген хабарламада.
Екі азамат та жасаған қылмыстары үшін өкінген, кінәларын мойындаған. Сот асырауында жас балаларының барын ескере отырып, іс жеделдетілген сотқа дейінгі өнідірісте тергеп, тексерілген.
Нұр-Сұлтан қаласы «Байқоңыр» ауданының бұрынғы әкімі А.С.Есілов 515 000 теңге тұратын ұялы телефон түрінде пара алғандығы және футбол алаңдарының құрылысы бойынша қосалқы мердігерлік жұмыстарды алуға жәрдем бергені үшін, ал кәсіпкер С.С.Нұртазин пара бергендігі үшін кәнілі деп танылған.
Асқар Есілов Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының әкімі болып 2019 жылы сәуірде тағайындалған еді. Былтыр жыл аяғында пара алды деген күдікпен ұсталған еді.