18-11-20 |
1930 рет қаралған
Путин қылмыстық қудалаудан құтылды.
Путин қылмыстық қудалаудан құтылды

Ресей парламентінің төменгі палатасы – мемлекеттік дума бұрынғы президенттің жеке басына тиіспеуге кепілдік беретін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Azattyq.org хабарлады. Құжат биыл жазда референдум арқылы қабылданған Конституцияға енгізілген өзгерістер негізінде әзірленген. Жаңа түзетулер президент Владимир Путинге 2036 жылға дейін билікте қалуға мүмкіндік береді.
Заң жобасы бұрынғы мемлекет басшысы мен оның отбасын қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартуға тыйым салуды қарастырады. Құжат бойынша, оларды ұстауға, қамауға алуға, тінтуге, тергеуге де болмайды. Тек «мемлекетке опасыздықтық жасады» деп күдікке ілінген бұрынғы басшылар мемлекеттік дума, жоғарғы сот, конституциялық соттың мақұлдауымен жазаға тартылуы мүмкін. Қазіргі заңға сәйкес, президент құзырет мерзімі аяқталғанша қызмет барысында жасаған істері үшін қылмыстық не әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Сейсенбі күні мемлекеттік дума сонымен бірге бұрынғы президентке өмір бойы сенатор болуға рұқсат беретін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. Бұл қызметке келген адам да қылмыстық қудалаудан құтқаратын иммунитетке ие болады. Мемлекеттік думада үшінші оқылымнан өткеннен кейін құжат федералдық кеңеске жөнелтіледі, одан әрі қарай Путинге қол қоюға жіберіледі.
Ресейде 2008-2012 жылдар аралығында мемлекет басқарған Дмитрий Медведев қана бұрынғы президент мәртебесіне ие. Сарапшылар жоғарыда аталған заң жобаларын Путинді қорғауға бағытталған құжаттар пакеті ретінде бағалайды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.