Әлеуметтік желіде комментарий жазып, Путинді шақырам деп қорқытқан журналист Любовь Панованың үстінен ұлт араздықты қоздыру бабымен қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы Алматы полиция департаменті басшысының тергеу бойынша орынбасары Рустам Әбдірахманов хабарлады.
«Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 174 бабында көзделген қылмыс белгілерімен, яғни ұлтаралық алауыздықты қоздыру бойынша қылмыстық іс, сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлаймын.
Қылмыстық іс бойынша алдын-ала тергеуді өткізу Алматы қаласы полиция Департаментінің Тергеу басқармасына жүктелді.
Бүгін, яғни ағымдағы жылдың 28 наурызында іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады», – деп хабарлады ол.
Іс қалалық тергеу басқармасының тергеушілеріне берілген. 28 наурызда қажетті экспертиза жасау мәселесі қойлыған.
Любовь Панованың жазған комментарий әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, желі қолданушылардың наразылығын тудырған еді.
Кейін Панова жұмыс істейтін «Европа Плюс Казахстан» радиосы Панованың жеке әлеуметтік желіде жазғанының радионың ресми ұстанымымен ешқандай байланысы, қатысы жоқ екенін мәлімдеген еді. Және Панованың жұмыс шығарылғаны да хабарланған.