31-10-23 |
1060 рет қаралған
Қадағалау күшті болса, жазықсыз соттауға жол берілмейді.
Қадағалау күшті болса, жазықсыз соттауға жол берілмейді

Прокуратураның құзыреті кең, пәрмені мықты. Ал соңғы енгізілген құқық қорғау процесінің үш буынды үлгісі прокурордың жауаптылығын бұрынғыдан да еселей түсті. Үш буынды модель енгізілгелі бері қылмыстық істерді сүзгіден өткізіп,  сотқа жолдаудағы қадағалау артты.

Бұрын қалай еді? Қылмыстық, қылмыстық-процестік, Қылмыстық атқару кодекстері дайындалып, қолданысқа енгізілгенге дейін тергеуде адам құқығын таптау деректері жиі кездесетін. Басқаны былай қойғанда, тергеу әрекеттерінің созбалаңға созылуы азаматтардың уақыты мен жүйкесіне айтарлықтай соққы болатын. Ол кездегі қылмысты іздестіру іс-шаралары әдейі адамдарды әуре-сарсаңға салу, құқығын таптап, сағын сындыру үшін жасалғандай әсер қалдыратын. Өйткені, қылмыс туралы арыз, шағым немесе хабарламалар түскеннен кейінгі ұзаққа созылатын процесс сондай теріс ойға жетелейтін. Айталық, ол кезде арыз бойынша қылмыстық іс қозғалғанға дейін 2 ай бойы тергеу алды тексеру шаралары қолға алынатын. Осы аралықта қылмысқа қандай да бір қатысы бар адамдар тергеуге шақырылып, түсінік алынып, көздестіру жүргізіліп, тергеу алды шаралары толық жүргізілетін. Егер қылмыстың дерегі анықталса, онда іс қозғалып, алғашқы екі айда жасалған бүкіл тергеу әрекеттері қайта жасалатын. Бұл азаматтардың конституциялық құқығын бұзудың нақты көрінісі еді. Кодекстердің жаңартылуы осы қолайсыз тетікті жойып, азаматтардың мүддесінің тапталмауына тікелей ықпал етті. Соның нәтижесінде сону кеңес кезінен келе жатқан тергеу алды тексеру институты келмеске кетті. Ал үш буынды модель бұл үрдісті одан сайын жетілдіруге, қылмыстық процестегі механизмді өркениетті елдер тәжірибесіне сәйкестендіруге жол ашты.

Оның негізгі бағыт-бағдары Мемлекет басшысының жолдауында айқындалғаны белгілі. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп алатын стратегиялық сындарлы құжатында Президент азаматтар құқығын заманауи тұрғыдан қорғауға жол ашатын және халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі қажеттігін алға тартып, құзырлы органдардың өкілеттігін ажырату кезек күттірмейтін өзекті мәселе деп атап көрсеткен еді. Міне, осы тапсырманың аясында үш буынды модель дүниеге келіп, қолданыста болған алғашқы кедің өзінде қоғамға қажет екенін дәлелдеді.

Бұл үлгінің артықшылығы – полиция, прокуратура, сотқа жүктелген басты функцияларды нақтылап, әр мекемеге жүктелетін жауаптылық шегін ажыратып беруінде. Екіншіден, осы арқылы азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және олардың қылмыстық процеске негізсіз тартылуын болдырмау басты мақсат етілген. Осы жерде тергеудің дұрыс жүргізілуі, сотқа тек дәйектелген істердің таразылануы үшін екі ортадагі сүзгі рөлін атқаратын прокуратураның жауаптылығы мейлінше жоғарылады. Бүгінде прокурорлар қылмыстық процестегі шешімдерге келісім бергеннен кейін ғана олар заңды күшіне енеді. Адамды күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау, қылмыстық құқық бұзушылықты саралау, тергеп-тексеру мерзімін үзу және қылмыстық істі не қылмыстық қудалауды тоқтату туралы іс-шараларды прокурор негізсіз деген жағдайда, ол қайтадан тергеуге қайтарылатынын есте ұстау керек. Прокурор заңды, талапқа сай деген істердің оң-терісі таразыланғаннан кейін ғана сотқа жіберіледі. Сөзіміздің қарапайым ғана мысалы: Тергеуші қылмыстық істегі күдіктіге қарсы іс қозғамай тұрып, қолдағы бар дерек, дәйектерін прокурорға көрсетеді. Прокурор бұл деректерге қарап, тергеуші ұсынған қаулы бойынша азаматты күдікті деп тануға, ол бойынша қылмыстық іс жүргізуге рұқсат береді. Мұндай талап қылмыс орбитасына тергеуші қалауымен, тергеуші қателігіне сай тартылған азаматтардың құқығын қорғауда маңызды.

Азаматтардың мемлекетке, құзырлы органдарға деген сенімін нығайтуда жаңа механизмнің ықпалы зор. Соның ішінде аса ауыр қылмыстардағы әділдіктің, туралықтың сақталуы қарапайым халықтың түсінігін өзгертетін фактор. Соған орай, үш буынды модельде аса ауыр қылмыстық істер бойынша айыптау актісін прокурордың жасауы заңдық тұрғыдан бекітілді. Ал бұрын тергеу аяқталған кезде тергеуші істі қорытып, сол бойынша тек есеп әзірлейтін. Сәйкесінше мұндағы басты құжат – айыптау актісін тергеуші дайындап, осы актіні іске қатысты барлық дерек-дәйек, материалдармен бірге прокурорға ұсынатын еді. Прокурор оларды бекітіп, нәтижесі бойынша істі сотқа жолдайтын. Ал енді құжаттарды рәсімдеу барысында қандай да бір заң бұзушылықтар анықтаған жағдайда істі тергеушінің құзырына қайтарып беретін. Жаңа өзгерістерге сай бүгінде прокурорлар қылмыстық іс материалдарын және тергеушінің есебін зерделеп қана қоймай, қолдағы зерделенген дәлелдерге прокурорлық баға беріп, соңында өзінің пайым таразына сай айыптау актісін жасауда. Әрине, талапқа сай келмейтіндерін қайтару да прокурордың еркінде.

Шеберлік тәжірибемен келеді. Соны ескере отырып үш буынды модельде барлық іс бойынша айыптау актісін әзірлеу бірден қадағалаушы органға жүктеліп отырған жоқ. Мәселен қазір аса ауыр қылмыстар бойынша айыптау актісін дайындаған прокурорлар 2023 жылы сыбайлас жемқорлық істері бойынша құжат әзрілесе, 2024 жылдан бастап қалған барлық санаттағы істер бойынша акт жасауды қолға алмақ. Осының өзі тергеу механизміндегі қателіктерді жоюға, азаматтардың құқығы мен бостандығын заңға сүйене отырып қорғауға мүмкіндік туғызады. Өз кезегінде әрбір прокурор тергеудегі олқылықтар үшін жауаптылық өзінен сұралатынын ұғынып, барлық істі ыждағаттылықпен жүзеге асыруда.

Мұндай жаңашылдық қазақстандық соттардың да жұмысын жеңілдетіп, жүктемесін азайтуға ықпал етті. Үш буынды модель тәжірибеге енгізілгелі бері отандық соттардың қылмыстық істерді қайта тергеуге қайтаруы азайған. Яғни, прокурорлардың функцияны орындаудағы жауаптылығы мен сауаттылығы тергеу сапасын ғана емес, сонымен бірге сот төрелігінде қаралатын істерде де кем-кетіктің жойылуына көмегін тигізді.

Осы ретте жаңа модельді қолданысқа енгізудегі жаңа технологияның жетістіктерін де атап кетпеуге болмайды.  Цифрландыру – үш буынды модельдің ажырамас бөлігіне айналды. Себебі әр іс бойынша процестік шешімдер прокурормен келісіліп, бекітіледі. Уақытты тиімді пайдаланып, азаматтарды әуре-сарсаңға салмас үшін үш буынды модельдің жұмысы толығымен электронды форматқа көшкен. Бұл да Қазақстанның басқа салаларымен қатар, күштік құрылым жұмысына цифрландыру үрдісінің енгізілгенін айғақтайды. Соның арқасында енді тергеушіге қаулыны қағазға басып шығарып, одан кейін прокурор келісім алу үшін оны арнайы әрі-бері тасудың қажеті жоқ. Бүгінде үш буын арасындағы жұмыстың барлығы арнайы ақпараттық жүйеде жүргізіледі. Яғни, шешімдерді прокурормен келісу процедурасы толықтай онлайн форматқа көшірілді. Соның арқасында процестік құжаттарды өзгерту, бұрмалау, дәлелдемелерді алмастыру, оларды қасақана жою, істі әдейі жоғалтып алу сияқты фактілердің ауылы келмеске кетті. Өйткені, нақты тәжірибе көрсетіп отырғандай, жүйеге енгізілген электронды құжаттарды ешкім жоғалтып жібермейді, мәтіні мен құрылымын өзгерте алмайды.  Сандық технология ондай мүмкіндікті толықтай жойған.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.