06-06-21 |
1560 рет қаралған
Қашқын олигарх атанған Әбләзов пен Храпуновтың соты АҚШ-та болады.
Қашқын олигарх атанған Әбләзов пен Храпуновтың соты АҚШ-та болады

АҚШ сотында Мұхтар Әбіләзов пен Виктор Храпуновқа және оның ұлы Ілиясқа қатысты іс ақыры қаралатын болды. Қашқын олигархтарға жүздеген миллион долларды  жымқырды деген айып тағылды.

Атышулы Flatotel ісінің қозғалғанына алты жыл болды. Әділет министрлігі осы уақыт аралығында Нью-Йорктегі зәулім тұрғын үй кешенінің құрылысына «БТА банк» пен Алматы бюджетінен ұрланған қаржысын жұмсалғаннын дәлелдеумен келеді.

Flatotel ісінің басы-қасында жүрген Қазақстан Үкіметінің кеңесшісі Мэттью Шварцтің сөзінше, Әбіләзов мен Храпуновтың ақшаны тұрғын үйге жұмсауының бірнеше себебі бар. 

«Әбіләзов пен Храпунов «БТА банк» пен Алматы қазынасынан ұрланған ондаған миллион долларды жасыру мақсатында Flatotel-ге құйған. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бұл жылжымайтын мүлік саласындағы үлкен жоба. Жобаға көп қаражат керек болды. Ал жылжымайтын мүлікті қылмыскерлер ақша жымқыру мақсатында пайдаланатыны белгілі. Ондай мысалдар жеткілікті. Ілияс Храпунов құрылыс компаниясының басшысы Четритпен жақын танысып, жобаға инвестиция құятынын айтқан. Ақшаны қуана-қуана алған Четрит артық сұрақ қоймаған. Осы комбинация арқылы олар ұрланған ақшасын АҚШ-та жасыруға тырысқан», – деді ҚР Үкіметінің кеңесшісі, Boies Schiller Flexner LLP серіктесі  Мэттью Шварц.

Айта кетейік, Flatotel – Нью-Йорк қаласының қақ ортасындағы тұрғын үй кешені. Оның жанында әйгілі Таймс-сквер мен Мэдисон-сквер-Гарден орналасқан. Қашқын миллионерлер жобаға жалған ұйымдар арқылы қыруар қаржы құйған. Қазақстан билігі осы құйтырқы әрекетті білген соң, экс-банкир мен Алматының бұрынғы әкімі дереу өз үлестерін екі есе арзанға сатып, сытылып кетпек болған. Олар дәлел-дәйектердің көзін құртуға тырысыпты. Яғни Ілияс Храпунов маңызды деген электронды хаттар мен құжаттарды жойып тастаған.

«Тергеуге қажетті мәліметтерді жойғаны үшін бұл үшеуі айыппұл арқалады», – дейді Мэттью Шварц.

Соттың соңғы тыңдалымы келер жылдың 7-ақпанына жоспарланған. Процесс шамамен үш аптаға созылады. Ал қос қашқынның бұғатталған есепшотындағы 24 миллион доллар Қазақстанға қайтарылуы сот шешімінен кейін белгілі болады.

«Біз Flatotel-ге құйылған активтерін анықтап, оған бұғат салдық. Бұл біздің осы істегі алғашқы жеңісіміз және сотта жеңіске жетеміз деген сеніміміз артты. Судья 23,5 миллион АҚШ доллары тұрған есепшотты бұғаттап, бақылауда болатынын жеткізді. Аталған қаржы сотта жеңген тарапқа беріледі», – деді Мэттью Шварц.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.