«Рас айтам» телеграм каналы Ауғанстандағы тәліптер билігімен кездескен Қазақстан делегациясының сапарына шолу жасаған.
Қазақстанның ресми делегациясы Кабулға барып, “Талибан” қозғалысының (Қазақстана тыйым салынған террористік ұйым) өкілдерімен кездескен. Делегацияны бастап барған президенттің халықаралық істер жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан Ауғанстанға көмек ретінде мың тонна ұн мен QazVac вакцинасы берілетінін жеткізді.
Алайда кездесу туралы ресми хабарламаларда “Талибан” мен “тәліптер” туралы бірауыз сөз жоқ. Ақорда хабарламасында “Сапар аясында арнаулы өкіл Ержан Қазыхан Ауғанстанның қазіргі әкімшілігінің өкілдері Абдул Ғани Барадармен және Амир Хан Мутаккимен кездесу өткізгені” жазылған.
Абдул Ғани Барадар – “Талибан” қозғалысы негізін салушылардың бірі және қозғалыстың саяси қанатының жетекшісі. Ал Амир Хан Мутакки – “Талибан” қозғалысы жетекшілігінің мүшесі, Ауғанстанның сыртқы істер министрі міндетін атқарушы.
Ресми биліктен бөлек, бұл ақпаратты жазған кейбір БАҚ та тәліптердің террорист екенін “ұмыт қалдырған”. Мысалы, Inform.kz, Zakon.kz, Nur.kz, Kazakhstan Today мен басқа ақпарат құралдарының рерайт ақпараттарында тіпті Ауғанстандағы билікті тәліптер басып алғанын түсіндіретін бэкграунд та жоқ.
Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі тәліптер өкілдерімен 27 қыркүйек күні кездескенде де билік пен бұл туралы хабар таратқан кейбір ақпарат құралдары “Талибанның” кімдер екенін жазбады. Сол тұста да ақпарат құралдары “ҚР елшісі Ауғанстан үкіметінің өкілімен кездесті” деп жақауратты.
Қазақстан билігінің өкілдері “Талибан” қозғалысының өкілдерімен кездескенін білу не үшін маңызды?
Ауғанстандағы билікті тамыз айында тәліптер басып алды, олар билікке заңсыз жолмен келді.
Билікті басып алған тәліптер тергеу мен сотсыз өлім жазасына кеседі және оны жұрт көзінше өткізеді.
Тәліптер музыканттарды ұрып-соғып, инструменттерін өртеп, музыкаға тыйым салды. Жүздеген музыкант өміріне қауіп төнген соң, елден кетуге мәжбүр болды. Ондаған мың ауған азаматы террористер режимінен қауіптеніп, елден қашып шықты, әлі де қашып шығуға тырысып жатыр.
Тәліптер билік басына келгелі бері 153 ақпарат құралы жұмысын тоқтатты. Тәліптер наразылық туралы жазуға тыйым салды.
“Талибан” ер адамдарға сақал алуға және шаштаразға баруға тыйым салды.
Тәліптердің әйелдерге қатысты тыйымы тіпті көп. Олар әйелдерге көшеге шығуға тыйым салды, БАҚ-та жұмыс істеуге тыйым салды. Әйелдерге қазір оқу орындарында оқуға және сабақ беруге болмайды, тіпті әйелдерге спортпен шұғылдануға тыйым салды.
Тамақ әзірлеуден және бет-жүзін бүркейтін киім киюден бас тартқан әйелдерді өлтірген.
Ауғанстандағы билікті басып алған тәліптер адам құқықтарын осылайша өрескел түрде таптап жатқанда, Қазақстанның бұл елмен “дәстүрлі сауда-экономикалық байланысты қалпына келтіруге қызығушылық танытуы” миға қонбайды.
Оның үстіне “Талибан” – елде тыйым салған террористік ұйым.
Дереккөз: ras aitam телеграм каналы
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
17.11.2024
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024