27-09-24 |
3160 рет қаралған
Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялау рәсіміне қатысты.
Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялау рәсіміне қатысты

БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі апталығы аясында Қазақстан делегациясы Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты (ЯҚТШ) ратификациялау рәсіміне қатысты. Қазақстан ЯҚТШ-ға қатысушы мемлекеттердің Үшінші кездесуінің болашақ төрағасы ретінде жаһандық ядролық қарусыздану ісіне деген тұрақты ұстанымын көрсетіп отыр. Салтанатты рәсім барысында Индонезия, Сьерра-Леоне және Соломон Аралдарының сыртқы істер министрлері өз елдерінің Шарттың мақсаттары мен принциптеріне бейілділігін растай отырып, өздерінің ратификациялық грамоталарын тапсырды. Осылайша, ЯҚТШ-ға қол қойған елдердің жалпы саны 94-ке, ал оны ратификациялаған елдер саны 73-ке дейін жетті.

Іс-шара барысында қазақ тарапы Шарттың мақсаттарын ілгерілетудегі барлық мүдделі тараптардың ұжымдық күш-жігерінің маңыздылығын атап өтіп, ядролық қаруды қолдануға және таратуға қарсы жаһандық нормаларды нығайту қажеттігіне сенім білдірді. «ЯҚТШ-ның әрбір жаңа ратификациясы бізді ортақ мақсатымызға жақындатады және халықаралық қоғамдастықтың ядролық қатерді жоюға деген ұмтылысында біртұтас болуының қуатты белгісі», – деп Қазақстан делегациясы мәлімдеді және барлық мемлекеттерді осы ұмтылысқа қосылуға және ядролық қарудан азат әлем құруға үлес қосуға шақырды.

ЯҚТШ-ны әмбебаптандыру жөніндегі бейресми жұмыс тобының тең төрағалары – БҰҰ жанындағы Уругвай мен Оңтүстік Африка Республикасының тұрақты өкілдеріне алғысын білдіре отырып, Қазақстан делегациясы БҰҰ-ның Қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғарғы өкілі Изуми Накамицудың маңызды рөлін және Шарттың мақсаттарын ілгерілету бойынша қоғамдық ұйымдардың, атап айтқанда, Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық науқан (ICAN) мен Қызыл Кресттің қосқан үлесін атап өтті.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.