22 қазанда Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылғанына 29 жыл толды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің баспасөз қызметі.
Осы уақыт ішінде Қазақстан мен Ресей арасында әр түрлі салалар бойынша жүздеген шарттар мен келісімдер жасалды. Ең маңыздыларының бірі – 2013 жылы қол қойылған 21 ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарт деп жазды Sputnik Қазақстан.
«Келісімшарттық негіз жақсы тәжірибеге сүйенеді. Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы тұрақтылығымен және болжамдылығымен, өзара құрмет, тату көршілік пен одақтастық қағидаттарын ұстануымен ерекшеленеді, бұған екі елдің басшылығы арасындағы саяси сенім мен дәстүрлі достық қарым-қатынастар ықпал етеді», – делінген хабарламада.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас мемлекетаралық ынтымақтастықтың үлгісі.
«Ресей біздің Құдай қосқан тарихи көршіміз. Бізге дейін де, біз де, бізден кейін балаларымыз да көршілестік пен достық түсіністікте өмір сүретін болады», – деген болатын Елбасы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ресей сенімді стратегиялық серіктес және тату көрші» диалогы барысында өз шешімін таппайтын мәселе іс жүзінде жоқ екенін атап өтті.
Екі ел ынтымақтастықты тереңдету саясатын ұстанады, еуразиялық интеграцияның белсенді қатысушылары болып табылады және БҰҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ шеңберінде табысты өзара әрекеттеседі.
Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс ежелден бастау алады. Екі елді ортақ көпғасырлық тарих, ұзақ шекара, ұқсас менталитет, тығыз экономикалық және рухани байланыстар біріктіреді.
«Біз отыз жылдан бері жеке мемлекет ретінде өмір сүріп келеміз, бірақ шекара сызығы бауырлас халықтарды бөлген жоқ, бір-біріне деген шынайы, жылы қарым-қатынасты өзгерткен жоқ. Біздің географиялық және рухани жақындығымыз бен өзара сенім – бұл алға сенімді қадамның негізгі кепілі, бұл бірегей бірлескен артықшылық, бұл бүгінгі және болашақ міндеттерді шешуге көмектеседі», – дейді елшіліктегілер.