arasha.kz

Қазақстан Украинаға гуманитарлық көмекке $2,2 млн бөлді

Қазақстан Украинаға гуманитарлық көмек үшін $2,2 млн қаражат бөлді.

Осы қаржыға 25 түрлі 82 тонна дәрі-дәрмек жіберілмек. Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта:

«Басқа мемлекет ресми өтініш білдірген жағдайда Қазақстан дәстүрлі түрде гуманитарлық көмек көрсетеді. Украина тарапынан осындай өтініш түскеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев украин халқына гуманитарлық көмек көрсету жөнінде нақты тапсырма берді.

Үкімет жанындағы Халықаралық гуманитарлық көмек көрсету мәселелері жөніндегі комиссия Украинаға жалпы құны 2 251 445 АҚШ доллары болатын 25 түрлі медициналық дәрі-дәрмек жіберу туралы шешім қабылдады.

Гуманитарлық көмектің салмағы – 82 тонна. Қазіргі уақытта аталған жүкті межелі жерге жеткізу мәселесі пысықталуда. Жүкті Украина аумағына тікелей жеткізу мәселесі қауіпсіздік тұрғысынан өте қиын болып тұр. Осыған байланысты Қазақстан Үкіметі Украинаға жіберілген халықаралық гуманитарлық көмекті алу және бөлу хабтары орналасқан көршілес мемлекеттермен келіссөз жүргізіп жатыр» делінген.

Үкімет гуманитарлық көмекті қауіпсіз жолмен Украинаға көрші елдерде құрылған хабқа жеткізу жолдарын қарастырып жатқан көрінеді.

Бұған дейін президент Тоқаев Украинаға гуманитарлық көмек көрсетілетінін айтқан.

Exit mobile version