Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл уақыт болса да еліміз коммунистік идеологияның сарқыншақтарынан әлі арыла алмай отыр. Дамыған елдер бұл партияның қылмысын әшкерелеп, заң жүзінде тыйым салды. Ал, біз Коммунистік Халықтық партияға парламенттің төрінен орын беріп қойдық. Оның үстіне партия қазақ ұлтшылдығына қатысты прокуратураға арыз жазудан да жасқанбайды. Қазақстанда бұл саяси ұйым жабыла ма? Билік оны жабуға неге асықпай отыр? Arasha.kz порталы осы тақырыпқа байланысты сапаршылармен тілдесіп көрді.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
– Бір ғана мәселе, ең алдымен бізде коммунизмнің, тоталитарлық дәуірдің саяси бағасы берілмеген және заңдық, соттық күшіне енбеген. Сондықтан оны жабатын қауқар ешкімде жоқ. Бірақ түбі болашақтың ісі деп ойлаймын. Бұған парламенттік деңгейде, соттық дәрежеде, үкіметтік деңгейде баға берілуі керек. Шынын айту керек, нацизммен пара-пар адамды қырған идеология бұл. Ұлтты мойындамау, ұлтты жер қылу деген сияқты мәселелерге келгенде коммунистік партия таңдаудың алдына түседі. Я жабу керек болады, я басқаша қып өзгерту керек. Еуропаның біраз елдерінде, мысалы, коммунистік партиялар социалистік болып кетті, социал-демократиялық партия болып кетті дегендей. Меніңше, түбі Қазақстанда да сондай жағдай болады, оның да күні алыс емес шығар. Бұл ашаршылық тақырыбын және басқа да тақырыптарды ашқан кезде өзінен өзі туындайтын саяси және құқықтық мәселе.
Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері:
– Коммунистердің бүгінгі күнге дейін парламентте отырғаны бәрімізге сын. Позор! Менің ойымша, бұл партияға мүлде тыйым салу керек немесе ол өз атауын өзгертуі керек, мысалы, социалистік, социал-демократиялық партия болсын. Коммунистік идеологияның кесірінен 20-шы ғасырда жақсыларымыздан айырылып қалдық, халқымыздың тең жартысы қаза тапты, ал жеріміз лас болды. Тәуелсіздігімізге 30 жыл болып қалды, сонда да коммунистер парламентте әлі отыр, бұл не деген масқара! Мен Коммунистік партияға заңмен тыйым салынуы керек деп есептеймін. Жуықта мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулинмен кездесуде де “Жаңа парламентте коммунистік партия болмауы керек” деп айттым.
-
17.11.2024
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024