arasha.kz

Қазақстанның үш қаласын Ресейге беру керек деген азамат ұсталды

Қазақстанның үш қаласы «Орал, Петропавл және Павлодар қалаларын Ресейге беру керек » деп әлеуметтік желіде жазба жариялаған Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Максим Яковченко полиция ұстап, үстінен ҚР ҚК 174-бабы (Ұлтаралық араздықты қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бұл туралы «Орал апталығы» жазады.

Ал БҚО полиция департаменті баспасөз қызметі аталған азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растаған.

«Әлеуметтік желі қолданушысы Максим Яковченко қоғамдық резонанс тудырған арандатушылық ақпараты бар пост жариялады. Өз постында ол Ресейге Қазақстанның бірнеше қалаларын беру керек деп жазады. Осы мәлімдемемен ол ұлтаралық алауыздықтың туындауына себеп берді. Аталған факті бойынша полиция департаменті ҚР ҚК 174-бабы (Ұлтаралық араздықты қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғады. Полиция департаменті Әлеуметтік желілердің барлық пайдаланушыларына осындай арандатушылық әрекеттерге бой алдырмауға және жағдайдың тұрақсыздануына ықпал етпеуге шақырады. Сондай-ақ, мұндай арандатушылық мәлімдемелер қылмыстық жазаланатын әрекет екенін еске салады. Барлық азаматтар бір-біріне құрметпен қарауы керек. Мұндай арандатушылардың жалғыз мақсаты бар-біздің қоғамда шатасуды себу және қақтығыстарды туғызу. Сондықтан абай болыңыз және арандатушылыққа бой алдырмаңыз», – делінген БҚО полиция департаменті баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Максим Яковченконың «Орал, Петропавл, Павлодар және т.б. Ресейге беру керек. Өйткені мұнда бәрін жойып жатыр. Жатжерліктер билік басында. Жатжерліктер барлығын құртады…» деп «Вконтакте» әлеуметтік желісінде жазған жазбасын журналист Лұқпан Ахмедияровқа жіберген. Ахмедияров Яковченконың парақшасын тауып, онымен байланысқа шыққан. Бірақ Яковченко агрессивті сөйлескен.

фото: uralskweek.kz

Ахмедияровтың айтуынша, 3 мамырда Максим Яковченконы полиция жазбасы үшін түсініктеме беруге шақырған. Сол күні оның үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Кейін Яковченконың кешіріп сұраған видеосы әлеуметтік желіде тараған. Онда ол: «Мен мұны қайда жазғаным есімде жоқ, бірақ ол саясатқа қатысты болды, онда көптеген жағымсыз пікірлер болды, сондықтан мен эмоцияларға бой алдырдым, мен қатты өкінемін. Енді мұндай болмайды» деп ақталған.

Бұған дейін Алматыда әлеуметтік желіде комментарий жазып, Путинді шақырам деп қорқытқан журналист Любовь Панованың үстінен ұлт араздықты қоздыру бабымен қылмыстық іс қозғалған еді.

Exit mobile version