25-10-23 |
3030 рет қаралған
Қылмыспен келтірілген залал өтелуі тиіс.
Қылмыспен келтірілген залал өтелуі тиіс

Ата заңда адамның өмірі, құқығы мен бостандығы мемлекеттегі ең жоғарғы құндылықтың бірі екендігі көрсетілген. Сондықтан да елімізде қандай заңдар қабылданып, қандай реформалар жүзеге асырылса да, оның негізінде – адам, оның құқығы мен бостандығының қорғалуы тұруы керек. Осы талаптар орындалуы үшін бақылау мен қадағалау күшті болуы тиіс.

Бірақ, заң асында шешімін табуы қиын түйткілдер де кездеспей тұрмайды. Мәселен, қоғам болған соң онда қылмыстың орын алатыны белгілі. Қылмыстық әрекеттің кесірінен моральдық, дене және мүліктік зиян келтірілген адамға елімізде қандай көмек көрсетіліп жатыр? Себебі қылмыстың салдарынан келтірілген моральдық, материалдық шығынның толық әрі сапалы қайтарыла бермейтін кездері көп. Оған қылмыс жасаған адамның сырқатқа шалдығуы, мезгілсіз өмірден озуы, жұмысқа қабылетінің жетпеуі түрткі болуы мүмкін. Мұндайда не істеу керек?

Тәжірибені зерделей келе 2018 жылдан бастап елімізде «Жәбірленушілер қорын» құруға шешім қабылданған болатын. Соған орай, заңдарға өзгеріс енгізіліп, қылмыспен келтірілген залалдарды өтеу кезінде жәбірленушілердің құқықтары мен заң жүзіндегі мүдделерін қорғау бойынша жұмыстар жүзеге асырылды.

Осылайша 2018 жылдың 10 қаңтарынан бастап қылмыстық құқық бұзушылықтардың жекелеген құрамдары бойынша жәбірленуші адамдарға өтемақы төлеу туралы шешім шығарылды. Бұл өзгерістің түпкі мақсаты: біріншіден, жәбірленушілердің құқығын қорғау бойынша сенімді тетік қалыптастыру, екіншіден, біржолғы берілетін ақшалай соманы төлеу түрінде матеиалдық көмек ұсыну.

Жалпы алғанда Қазақстандағы жәбірленушілерге өтемақы төлеу институты отандық заңнамадағы негізгі жаңалықтардың бірі болып саналады. Қолға алынған игі бастаманың орындалу тетіктерін орнықтыру үшін алғашқы рет «мәжбүрлеп төлетудің» «өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шарасы» ретіндегі «құқықтық табиғатына» заңнамалық айқындама беріліп, Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге тиісті түзетулер енгізілгендігі белгілі. Негізінен алғанда, аталған нормаларды¬ қабылдау кезінде жәбірленушілердің құқықтары мен олардың заңды мүдделері өздерінің қорғаныста екендіктерін сезініп, нәтижесінде халықтың қылмыстық қудалау органдарына және сотқа деген сенімінің артуына ықпал ететіндігін байқауымызға болады.
Өтемақыны кімдер ала алады?

Өтемақы қорындағы қаржы екінің біріне берілмейді. Бұл қаржыдан сексуалдық түрдегі зорлық-зомбылық көрген, кәмелеттік жасқа толмағандарды саудалау, ауыр қылмыстың нәтижесінде денсаулығынан айырылғандар немесе АИТВ/ЖИТС жұқтырып алған адамдарүміттене алады. Егер жәбірленуші қайтыс болып кеткен болса, оның заңды өкілінің өтемақыны алуға құқығы бар екені заңда нақтыланған. Өтемақы негізінен қылмыстан зәбір көріп, шарасыз халге түскен жәберленушілерді мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауға арналған. Ол бір реттік төлем түрінде алынып отырады. Өтемақының берілетін мөлшері қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануына байланысты 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейінгі аралықты құрайды. Егер адам жәбірленуші деп танылып, қаулы шығарылса, онда құзырлы органдарға 3 жылға дейін өтемақыны тағайындау туралы өтініш бере алады. Осылайша, әрбір жәбірленуші қордан төлем алуға құқылы екендігі көрсетіледі.

Қандай құжаттар сұралады?

Өтемақыны алу үшін сұралатын құжаттар көп емес. Ең бастысы, жәбірленуші тергеушіге немесе анықтаушыға жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, банк шотының нөмірі туралы мәліметтерді, адамды жәбірленуші деп тану туралы қаулының көшірмесін, сондай-ақ жәбірленуші қайтыс болған жағдайда – оның қайтыс болғаны туралы куәліктің немесе жәбірленушінің қайтыс болғанын растайтын өзге де құжаттың көшірмесін бірге ұсынады. Құжаттарды толық бергеннен кейін құзырлы орган оны електен өткізіп, қылмыстың дәрежесіне қарай өтемақы көлемін айқындап, кешіктірмей төленуіне жауапты болады.

Өтемақы қалай төленеді?

Өтемақы – Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес жәбірленуші деп танылған адамға берілетін біржолғы ақша төлемі. Осы ретте жәбірленушілерге берілетін өтемақы қоры еліміздегі әрбір сотталушыдан өндірілген қаржы есебінен жинақталатынын айта кеткеніміз жөн.

Оның тәртібі қандай? Егер сот тарапынан адам кінәлі деп танылса, онда ол адамнан қорға Қылмыстық кодекстің 98-1 және 98-2-баптарының негізінде мәжбүрлі төлем өндіріп алынады. Қылмыстық құқық бұзушылық адамдардың сөз байласуы арқылы, топ болып жасалған жағдайда мәжбүрлі төлем әрбір кінәлі адамнан жеке өндіріліп алынады. Сол сияқты, әр шығарылған айып¬тау үкімі қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша болған жағдайда, одан неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық санатына сәйкес келетін мәжбүрлі төлем өндіріп алынады.

Жұртшылық білуі тиіс тағы бір құнды мәлімет, дәл осы жәбірленушілерге арналған өтемақы қорындағы қаржыны мемлекеттік бюджетке алып қоюға жол берілмейді. Қорға ақшаның түсуі, оның бөлінуі жіті бақыланып отырады.

Жоғарыда көрсетілген ақпараттардың барлығы халық пен Сот арасындағы сенімді нығайту, бір-біріне жақындастыру сипатында орын алып жатқан дүниелер. Халықаралық тәжірибелерге сүйеніп қарайтын болсақ та, бұл жаңашылдықтардығң қарапайым халық үшін пайдалы тұсы көп. «Жәбірлену-шілерге өтемақы қоры туралы» заңда Қылмыстық кодекстің 124 қылмыс құрамы бойынша жәбірленушілердің үш санатына төлемақы төлеу көзделген. Өтемақы тағайындау мен төлеудің тәртібі және мерзімдері де заң төңірегінде қарастырылып, айқындалған. Сондай-ақ, қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар жәбірленушіге өтемақы алу құқығын жақсылап түсіндіріп, оның өтінішін тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қарап, дер кезінде нақты жауабын беруі тиіс. Құзырлы орган заңда белгі¬лен¬ген мөлшерде өтемақы та¬ғайын¬дап, оларды және алушылардың тізімін жасайды, оны қазынашылыққа береді. Қазынашылық өтемақыны күнтізбелік он күннен кешіктірмей оны алушылардың банктік шотына аударады.
Жәбірленушілердің мүддесін қорғаған заң мен қор жұмысы бүгінде бір арнаға түскен. Бұл қордың көптеген азаматқа қолдау болып келе жатқаны анық.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.