Бас прокуратура «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевке қатысты тергеу материалдарын жариялады.
Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаевтың айтуынша, қаңтар оқиғасын ұйымдастырды деген күдікке 27 адам іліккен.
«Қылмыстық ортада «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев пен оның сыбайластарының рөлі ерекше. Атап айтқанда, 6 қаңтарда оның қылмыстық тобына қатысушылардың біріне және Алматы қаласында «Қазақстан» қонақүйіне келгендерге «Glock» және «Макаров» маркалы тапаншалар таратылды. Осы уақытта қаруланған адамдар ұйымдастырушы мен оның қарамағындағы адамдардан тиісті нұсқаулар алды», – деді Шалабаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Қылмыскерлер он адамнан бөлініп, әрбір адамның рөлін айқындап алған. Өз ішінен басшылар сайлаған.
«Сондай-ақ атыс қаруы мен 200 мың теңге ақша таратылды. Қатардағы серіктестер суық қару мен денеге зиян келтіруге болатын басқа да заттар алды. Ерекше белгі ретінде барлық қатысушының сырт киімінің жеңіне ақ мата таққан. Аталған қарулы топтар қаланың әртүрлі нүктелерінен 24 азаматты ұрлап, оларды ұрып-соғып, Ритц-Карлтон және «Қазақстан» қонақүйлерінің паркингтерінде ұстаған. Артынан жәбірленушілер қаланың шетіне шығарылып, темір контейнерге қамалды. Ол жерге күзет қойылған», – деп атап өтті Шалабаев.