arasha.kz

Қазақстанның 55 азаматы әлі күнге дейін Сирияда жүр

«Жусан» арнайы операциясы арқылы Сириядан елге қайтарылғандың 320-сы – балалар болса, Шам еліне шат өмір іздеп барғандардың 135-і – қыз-келіншектер. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның 55 азаматы әлі күнге дейін Сирияда жүр. Ал содырларға еріп, жат жерде опат болғандар жайында есеп жоқ.

Петропавл қаласындағы  әйелдер колониясында Шам елінен келген бірнеше келіншек жазасын өтеп жатыр.  

5 жылға сотталған Ақмарал Әлмағамбетова – Ақтөбенің тумасы. 2013 жылы күйеуі мен үш баласын тастап, интернет арқылы танысқан адамның етегінен ұстап кете барған. Бірнеше рет күйеуге шығып, екі рет құрсақ көтерді. 6 жылға созылған аласапыранның соңы Петропавл түрмесімен аяқталды. Сирияда туған балалары – жетімдер үйінде. 

Жазира Асанова терроризм бабы бойынша 8 жылға сотталған. Араб тілін үйренбек мақсатта 2012 жылы күйеуімен бірге Мысырға аттаныпты. Екі жылдан соң Сирия асып, 6 жылдан кейін ғана елге оралған.

«Мен ештеңе білген жоқпын, сол кезде жағдайды түсінбедім. Тек күйеуімнің айтқанын істедім. Ешқашан артық сұрақ қоймайтынмын. Діннен бейхабар болдым. Күйеуімнің көзқарасы жайында да білген жоқпын», – дейді жазасын өтеуші Жазира Асанова.

Көбінің ақталғанда айтар уәжі осы. Ал құзырлы органдар Жазира Асанованың «ДАИШ» террорлық ұйымына мүшелік еткенін, жарылғыш зат дайындауға қатысы барын анықтаған.

Көкшетаулық Сәуле Құланова да Сирияға күйеуінің соңынан еріп барған. Ол жақта өткерген күндерін есіне алғысы жоқ. Жолдасы сонда жер жастанған. Балаларын ажалдан аман алып қалу үшін айлар бойы окопта жасырынуға тура келген.

«Соғысты да, аштықты да көрдік. Ақшаң болса, азық-түлік алуға болады. Тек бағасы қымбат. Аштан өлместің күнін кешіп, түрлі шөптерді қайнатып жедік. Ол жақта судың өзі тапшы. Шатырдан аққан жаңбыр суын талай іштік», – деді жазасын өтеуші Сәуле Құланова.

Адасқандарды қайтадан тура жолға салу оңай емес. Бірақ мамандар мейлінше көмек беруге әзір.

«Дінді қате ұғыну – адасушылықтың басты себебі. Оларды дұрыс жолға қайтару үшін уақыт керек. Бұл біртіндеп жүзеге асырылатын үрдіс. Жазасын өтеушілер дәстүрлі исламды қабылдағаннан кейін де олармен жұмыс жалғаса береді», –  деді ЕС-164/6 түзету мекемесінің инспектор – теологы Татьяна Тулегенова.

Дереккөз: Қазақстан ұлттық арнасы

Exit mobile version