Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында бірнеше сотталғанға қатысты қылмыстық іс қаралып, үкім шықты. Олар түзелудің орнына колония ішінде қылмыстық топ ұйымдастырып, басқа тұтқындардан ақша бопсалаумен айналысқан.
Топтың бастамасы 2019 жылы басталған. Екі адам «куратор» болып, жеті көмекші — «торпедалар» тартқан. 2021 жылдан бастап олар жүйелі түрде басқа сотталғандарды ұрып-соғып, психологиялық қысым жасап, ақшаларын «ерікті түрде» тапсыруға мәжбүрлеген.
Қызметкерлер бұл жағдайды қалайша байқамағаны — басқа мәселе, ол кейінірек баяндалмақ.
Іс ашылғаннан кейін, ұйымдастырушылар мен мүшелер ҚР ҚК 262-бабы (қылмыстық топ құру, оған қатысу) және 194-бабы (қорқытып алу) бойынша айыпталды. Барлығы кінәларын толық мойындап, өкінетіндерін айтты. Жәбірленушілер келтірілген шығын толық өтелгендіктен, жазаны жеңілдетуді сұрады.
Сот үкіміне сай, ұйымдастырушылардың бірі қайтыс болғандықтан жазадан босатылды. Қалған сегіз айыпталушыға 8 жыл 5 айдан 16 жылға дейін түрлі мерзімдерге қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеу үкімі шықты. Олар бұрын ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталған, сондықтан әрекеттері қауіпті қайталану деп танылды.
Үкім заңды күшіне енді.
Фото: rt-online.ru.