arasha.kz

Алаяқтардың тұзағына түспеу үшін нені ескеру керек?

Өткен жылы елордада интернет-алаяқтықпен айналысқан 160 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олар қала тұрғындарының 4,5 миллиард теңгеден астам ақшасын жымқырған.

«Алаяқтар түрлі себептерді алға тартып, өзін банк, құқық қорғау органдары немесе ұялы байланыс операторы ретінде көрсетеді. Мәселен, қазір алаяқтар адамдарды алдау бойынша арнайы операция жүріп жатыр деп өтірік айтып, телефонға жіберілген құпия нөмірлерді беруді сұрап жатыр. Олар онлайн платформалар арқылы қолжетімді емес тауарлар мен қызметтерді ұсынады және алдын ала төлем жасауды сұрайды.
Оған қоса, жалған жеткізу қызметін көрсетуді және сілтеме арқылы мәліметтерді толтыруды сұрайды. Осылайша ол жеке деректерге қол жеткізе алады. Кейде ақшаңызды көбейтудің жалған жолдарын ұсына отырып, бағалы қағаздар мен криптовалютаға тиімді инвестициялауға болады деп жалған ұсыныс жасайды.

Алаяқтар веб-сайттар жасап, жалған саудалар ұйымдастырады, кіріс деректерін көрсетеді. Қылмыскерлер WhatsApp мессенджерінің аккаунтына кіру арқылы да заңсыз әрекет жасайды. Онда зиянды сілтемені пайдаланып, әлеуметтік желідегі аккаунтты тартып алады. Сол адамның атынан жазып, қарызға ақша сұрайды. Қазір мұндай алаяқтық жиі жасалады», – дейді криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Айдар Қонысбек.

Мысал ретінде ол жәбірленушілердің бірі екі миллион теңгесінен айырылып қалғанын айтты.

«Астана қаласының тұрғынына белгісіз біреу келіп, өзін телефон операторының қызметкерімін деп таныстырды. Алаяқ SIM-картаның мерзімі өтіп кеткенін айтып, пайдалану мерзімін ұзарту үшін телефон нөміріне жіберілген құпия нөмірді беруді сұраған. Қала тұрғыны алаяқтың сөзіне сеніп, хабарламада келген сандарды айтып қойған. Кейін оған тағы біреу өзін банк қызметкерімін деп хабарласқан. Алаяққа алданып қалғанын айтып, ақшасын қауіпсіз жерге аударуды сұрайды. Алаяқтың сөзіне көнген астаналық тұрғын көрсетілген есепшотқа 2 миллион 100 мың теңге аударған», — дейді Айдар Қонысбек.

Қазіргі уақытта интернет-дүкендер де тұтынушыларға түрлі нұсқалар ұсынады. Алайда, алаяқтар интернет-дүкендерді пайдаланып, жеке тұлғаларды алдап, ақшасын қолды етеді. Соңғы бір жылда заңсыз мазмұны бар 900-ден астам әртүрлі веб-сайт бұғатталды.

«Интернеттегі алаяқтықтың алдын алуға болады. Оны істеу үшін күмәнді сілтемелерге кірмеу керек. Жеке деректер туралы ешкімге айтуға болмайды. Түрлі онлайн платформаларда тауарларды сатып алғанда, алдын ала төлемді жіберу деректерінің түпнұсқалығын қамтамасыз ету керек. Әлеуметтік желіде жеке деректерді сақтау үшін күрделі құпия сөздер орнату қажет», – деп түсіндірді полиция өкілі.

Exit mobile version