Аса iрi мөлшерде алаяқтық жасаған Қазақстан азаматы Ресей Федерациясынан экстрадицияланды. Бұл туралы прокуратура хабарлады.
Күдікті 2023 жылы Корея Республикасынан автокөліктерді нарықтық бағадан төмен бағамен жеткізуге уәде беріп, алаяқтық жолмен 6 жәбірленуші – Алматы қаласы тұрғындарының қаражатын иемденіп, оларға жалпы көлемде 145 миллион теңгеден астам залал келтірген.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, соған байланысты ол халықаралық іздеуге жарияланған.
«Осы жылдың сәуірінде ол Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінде ұсталып, содан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Отанына экстрадицияланды. Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды», – делінген хабарламада.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.