Қазақстандық блогерлер арасында әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырудың заңсыздығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің депутаттық сауалға берген жауабында, бұл түсіндіру жұмыстары «Заң және тәртіп» медиа-жоспары аясында іске асырылып жатқаны айтылған. Бұл шаралар құқықтық сауаттылықты арттыруға және әлеуметтік желілердегі заңбұзушылықтардың, соның ішінде заңсыз лотереялар, жалған тренингтер мен күмәнді акциялардың алдын алуға бағытталған.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Мәдениет және ақпарат министрлігі Instagram, TikTok, Meta әлеуметтік желілерімен бірлесіп, ақпараттық кеңістіктің ашықтығын қамтамасыз ету және алаяқтық схемалардың алдын алу бойынша жұмыс жүргізуде.
«Интернет кеңістігіне тәулік бойы мониторинг жасалып, құқықбұзушылықтарды анықтау және жедел әрекет ету шаралары қабылдануда. 2025 жылдың басынан бері жүргізілген мониторинг нәтижесінде интернет-алаяқтықтың 1 870 фактісі анықталды, оның ішінде әлеуметтік желілерде 389 дерек тіркелді. 1 480 интернет-ресурс пен сілтемеге шектеу қойылды. Интернет-казиноға қатысты 8 616 заңбұзушылықтың 6 399-ы әлеуметтік желілерде тіркелді, осыған байланысты 2 195 интернет-ресурсқа шектеу енгізілді», – деді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, Қазақстан заңнамасына сәйкес, белгіленген тәртіппен ұйымдастырылған лотереялардан басқа кез келген басқа лотереяларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады. Лотерея операторлары болып табылмайтын тұлғаларға лотерея өткізуге заңмен тыйым салынған.
«Қазіргі таңда Қазақстанда заңды түрде «Сәтті Жұлдыз» АҚ ғана лотерея ұйымдастыру құқығына ие, оған 15 жылға лицензия берілген», – деп нақтылады Жұманғарин.
Сондай-ақ, Туризм және спорт министрлігіне қарасты Ойын бизнесі және лотерея қызметін реттеу комитеті заңсыз лотерея ұйымдастырған тұлғаларды жауапкершілікке тартып жатқанын атап өтті.
«Заңбұзушыларға 100-ден 2000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салынады, сондай-ақ заңсыз әрекеттерден түскен табысы тәркіленеді. 2024 жылдың ақпан айынан бастап, Қаржы мониторингі агенттігінің қолдауымен 113 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 50 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл бағыттағы жұмыс үкіметтің бақылауында және жалғасуда», – деп түйіндеді министр.
Бұған дейін, Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті әлеуметтік желілерде тараған «кірісін жасырған блогерлер» тізімінен кейін 63 блогердің өз еркімен 2,7 миллиард теңгеден астам кірісті қосымша декларациялап, 105 миллион теңге салық төлегенін хабарлаған болатын.