Біз
әлеуметтік
желіде
23-04-25 |
240 рет қаралған
Алматы облысындағы Іле ауданының бұрынғы әкімі ҚК-нің жеті бабы бойынша сотқа тартылмақ.
Алматы облысындағы Іле ауданының бұрынғы әкімі ҚК-нің жеті бабы бойынша сотқа тартылмақ

Алматы облысындағы Іле ауданының бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаевқа қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл іс Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің бірден жеті бабы бойынша қаралатын болады. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.

«Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті Қарасаев Б.Ә. және өзге де тұлғаларға қатысты ҚР ҚК-нің 189-бабы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу), 190-бабы (алаяқтық), 324-бабы (шаруашылық немесе өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптарды бұзу), 361-бабы (қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану), 362-бабы (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану), 364-бабы (кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу), 369-бабы (қызметтік жалғандық жасау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады», – деп мәлім етті Алматы облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Прокуратураның нақтылауынша, 31 наурызда қылмыстық іс Алматы облысының Іле аудандық сотына мәні бойынша қарау үшін жолданған.

«Қарасаев Б.Ә.-ға қатысты қылмыстық қудалау органы бұлтартпау шарасы ретінде “қамауда ұстау” түрін таңдаған», – деп қосты прокуратура.

Еске сала кетейік, Қарасаев 2024 жылдың 4 қыркүйегінде ұсталған еді.

Қарасаев Іле ауданын 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап басқарған. Бұған дейін Алматы облысы әкіміне кеңесші болған, Талдықорған қаласының әкімі және облыс әкімдігі аппаратының басшысы қызметтерін атқарған.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.