arasha.kz

Алматыда алаяқтар пайдаланатын «Sim-Box» жабдығы тәркіленді

Computer hacker stealing data from a laptop concept for network security, identity theft and computer crime

Алматы қаласының құқық қорғау органдары мен байланыс операторлары арасында жасалған меморандум шеңберінде прокуратураның үйлестіруімен «Киберпол» бөлімшесінің қызметкерлері «Sim-Box» жабдығын пайдалану фактісін анықтады.

Сәтбаев көшесіндегі офистердің бірінен күдіктіден 3 «Sim-Box» құрылғысы тәркіленді. Жабдық слоттарынан қазақстандық және ресейлік ұялы байланыс операторларының 80-нен астам SIM-картасы табылды.

«Sim-Box» жабдығын алаяқтар жаппай қоңыраулар шалу, хабарламалар тарату және абоненттік нөмірлерді ауыстыру үшін пайдаланады.

Аталған факті бойынша абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгертуге мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз пайдалану туралы сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды (ҚР ҚК-нің 213-бабы).

Бұл соңғы айдағы осындай құрал-жабдықтардың екінші рет анықталуы.

Алматы қаласының прокуратурасы азаматтарды қырағылық сақтауға шақырады. Егер сізде осындай жабдықты қолдану туралы ақпарат болса, дереу құқық қорғау органдарына хабарлаңыз.

Сондай-ақ жеке деректердің құпиялылығын сақтау қажеттігін еске саламыз: кіру кодтарын, парольдерді және банк карталарының деректемелерін бөгде адамдарға бермеңіз.

Exit mobile version