Нұр-Сұлтан қаласының туған күнінде еліміздің бірнеше қаласында наразылық акциялары өтті, деп хабарлайды arasha тілшісі.
Кешкі сағат 19.00 шамасында Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайы алдына көптеген адам жиналып, елдегі қазіргі саяси жағдайға көңілдері толмайтындықтарын мәлімдеді. Алайда сол маңды қоршауға алған полиция қызметкерлері наразыларды шетінен ұстап әкетіп, автозактарға тоғытты.
Жиналғандар «Шал кет», «Оян Қазақстан» деп айқайлады.
Кейбірі «қалада күніне қаншама пәтер тоналады, ұрыларды ұстаумен айналысатын полиция қызметкерлері көшеге шыққан қарапайым адамдарды қамаудан аса алмай жүр» деген уәждерін білдірді.
Митингте бас көтеріп, өз ойларын білдіргісі келгендердің барлығын полиция ұстап әкетті. Барлығы 100 жуық адам қамалды.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда Нұр Отан партиясының рұқсат етілген митинг өткізгенін хабарлағанбыз. Онда Мұхтар Әбілязовтың алаяқ екені айтылған болатын.