Алматыда жұмбақ жағдайда көз жұмған Ақнар Гүлстанның анасы Гүлстан Хамит видеоүндеу жариялап, тергеуге сенімсіздік білдіріп, істі Астанаға ауыстыруды талап етті.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қылмыстық істі ҚР ҚК 99-бабы («Адам өлтіру») және 126-бабы («Заңсыз бостандығынан айыру») бойынша қайта саралап, Алматыдағы тергеу органдарына сенім болмағандықтан істі Астанадан арнайы тергеу тобына беруді сұраймын. Қызымның өліміне қатысы бар күдіктілерді қамауға алып, әділ тергеу жүргізуге жағдай жасауыңызды өтінемін», – деді ол өз үндеуінде.
Қазіргі таңда іс «өзіне-өзі қол жұмсауға итермелеу» бабымен тергеліп жатыр. Алайда марқұмның анасы мен жәбірленуші тараптың сенімді өкілі Инга Иманбай бұл баптың ауырлығы жеткіліксіз екенін айтып, қайта саралау қажет дейді.
Гүлстан Хамиттің айтуынша, видеодәлелдер мен басқа да айғақтар қызының өз еркімен секірмегенін көрсетеді. Денесінде зорлық-зомбылық белгілері болған, телефонында оны ұрып, қорлаған сәттер түсірілген видеолар бар. Бақылау камералары оны терезеден итеріп жіберген сәтті де түсіріп алған.
«Қайғылы оқиғадан кейін қызымның барлық заттары – ақшасы, мүлкі, тіпті киімі де жоғалып кеткен. Сол түні қасында болған екі қыз қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін, бірақ олар әлі де бостандықта жүр», – деді анасы.
Бұған дейін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында марқұмның туыстары әділ тергеуді және барлық кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті. Онда фото, видео, аудио дәлелдер көрсетіліп, Инга Иманбайдың айтуынша, Ақнар Гүлстан тірі кезінде азапталғаны анық айтылды. Куәгерлер де азаптау дыбыстарын естігенін растаған.
Ақнар Гүлстан – КИМЭП университетінің түлегі, бес тілді меңгерген. 2024 жылдың 20 шілдесінде ол Алматыдағы көпқабатты үйдің 7-қабатынан құлап, қаза тапқан. Медициналық сараптама оның денесінде ұрып-соғу, тістеу, тырнау, тырнақ сыну мен шаш жұлу белгілерін анықтаған.
Кейін интернетте оны терезеден итеріп жіберіп, құлап кеткен сәті бейнеленген видео тарады.