28-02-24 |
7690 рет қаралған
Алқаби болу – әділдікке қосылған үлес.
Алқаби болу – әділдікке қосылған үлес

Азаматтардың құқығы мен бостандығын сапалы әрі әділ қорғау мақсатында сот саласына енгізіліп жатқан өзгерістер баршылық. Соның ішінде Алқабилер институтының шоқтығы биік. Себебі, бұл институт сот жүйесіне халық өкілдерін қатыстырудың заңды мүмкіндігі.

Өркениетті, зайырлы мемлекеттердің барлығында алқабилер институты бар және қолданысқа енгізілгеніне ғасырдан асқан бұл бастама өзінің қоғамға қажет екенін әлдеқашан дәлелдеп үлгерген. Қазақстан Республикасында да «Алқабилер туралы» заңның қолданысқа енгізілгеніне он сегіз жылдың жүзі болды. Осы аралықта алқабилер қарайтын істердің құзыреті кеңейтіліп, істі алқабилердің қарауын өтінген азаматтардың саны артты.

2006 жылы тәжірибеге енгізілген «Алқабилер туралы» заңда қылмыстық сот ісін жүргізудегі алқабилердің құқықтық мәртебесі, тәуелсіздігі, қауіпсіздік кепілдіктері, халық өкілдерінің қызметін қамтамасыз етуге қажетті құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық тетіктердің барлығы жан-жақты қарастырылып, толық шешімін тапқан.

2023 жылы Алматы облысындағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотқа алқаби ретінде шақырылған азаматтардың бірі – Алтынгүл Қанатқызы. Талғар ауданындағы мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін Алтынгүл Қанатқызы шақыртудың мәнін алғашында түсінбеген. «Алқаби дегенді теледидардан, фильмдерден көргеніміз болмаса, оның қандай қызмет атқаратынынан, нендей жауаптылық алатынынан хабарым жоқ еді. Келу міндетті деген соң жұмыстан сұранып сотқа бардық. Соттағы мамандар өте жылы қарсы алып, заңның маңызын, алқаби болудың тәртібін түсіндірді. Осыдан кейін сотта алқаби болуға келесімімді бердім» деген ол өзіне жүктелген жауаптылықтың салмағын мектеп басшылығына да түсіндіру оңай болмағанын айтты.

Расында, сот жұмысын жетік білмейтін халықтың алқаби қызметіне тосырқай қарауы түсінікті. Бұл жолы да педагогтар қауымы Алтынгүл Қанатқызының аудан орталығына барып қайту мәселесі қалай шешіледі, оның жұмысын кім алмастырады, алқаби қызметі тегін бе деген секілді сұрақтарға жауап іздеген болатын. Бір қуанарлығы, қарапайым халық тарапынан көп қойылатын сұрақтарға мониторинг жүргізген сот қызметкерлері, сауалдарды бөлек іріктеп, жауабымен бірге арнайы түсіндіру парақшасын әзірлеген екен. Ақпараттық парақшада алқабиге қатысты туындайтын сауалдардың бәріне нақты жауап бар.

Мәселен, алқаби болып, сот отырысына қатысқан азаматқа бюджет қаражаты есебiнен ақы төленеді. Оның мөлшері іс бойынша төрағалық етіп отырған судья жалақысының жартысына тең.  Сонымен бірге, алқабидің іссапар шығыстары, яғни, жолға кеткен шығыны толықтай республикалық бюджеттің қаражатынан төленеді. Тағы бір артықшылығы, алқаби болған кездегі уақыт еңбек стажын есептегенде есепке алынады.

Бұл жерде жұмыс берушілер де назарда ұстайтын мәселе бар. Айталық, алқаби мiндетiн атқарған адамның негiзгi жұмыс орны сақталады. Ал алқаби міндетін атқарған адамды жұмыста болмады деген желеумен жұмыстан шығаруға, қысқартуға, жалақысын төмендетуге, лауазымын төмендетуге түбегейлі тыйым салынады. Егер лауазымды адам қарауындағы жұмысшының алқаби болуына кедергі келтірсе, сотқа қатысуына қарсы болса ол үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарына сәйкес жауаптылыққа тартылатынын ұмытпауы керек. Мұндайда алдымен ескерту беріледі немесе айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан отызға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салынатыны заңда нақты дәйектелген.

Алқаби болған адамның алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Дегенмен, азаматтар сот алаңында адам тағдырына төрелік етудің жауаптылығы зор екенін ұғынуы керек. Заң бұл ретте алқабилерге біраз шектеулер қойған. Айталық, алқабилердің төрағалық етушi судьяның рұқсатынсыз iс бойынша сөйлесуге, бөтен адамдармен тілдесуіне рұқсат етілмейді. Сонымен бірге, iстi қарау барысында белгілі болған мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинауына, жабық сот отырысында айтылған мән-жайларды жұртқа жария етуіне, кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзуына заңмен тыйым салынған.  Егер алқаби өз мiндетiн дұрыс атқармаса, жоғарыдағы шектеулердi сақтамаса жауаптылыққа тартылады. Мұндай жауаптылық ескерту беру түрінде немесе іске әрi қарай қатысудан шеттетуге соқтыруы мүмкін.

Алқабилерді таңдаудағы ең қиыны – жауапсыздық. Азаматтар шақыртуды алса да, сотқа келмейді, немесе сот отырысына алғашында қатысып, ортасында түрлі сылтауды алға тартып, іске қатысудан бас тартып жатады. Мұндай жағдайда судья алқабилерді шеттетіп қана қоймай, әрекетіне қарай Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің шеңберінде  айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуы мүмкін.

Сот отырысына алғаш қатысқанда әр адам төрелік етудің жауаптылығын жақсы сезінеді. Алтынгүл Қанатқызының айтуынша алқаби ретінде сотқа қатысқан алғашқы отырыста өз мiндетін адал және бейтарап атқаруға, сотта қаралған барлық дәлелдемелердi, дәлелдердi, iстiң мән-жайын назарда ұстап, ерiктi азамат, әдiл адам ретiнде iстi iшкi наным мен ар-ождан таразысы бойынша шешуге ант қабылдаған. «Осы анттың өзі өзіңе қандай жауаптылық жүктелгенін сезіндіреді. Бірақ, алқабилерді іріктеу, таңдау ұзақ жүргізілді. Себебі, көпшілігі өзіне мұндай жауаптылық алудан қашатынын, сонымен қатар, қылмыстық сотта ауыр, аса ауыр қылмыстар қаралатындықтан, өзі мен жақындарының қауіпсіздігі үшін алаңдайтынын байқадым» дейді ол.  

Негізінде заңды толық қараған адамда мұндай дүдамал ой, қорқыныш туындамауы керек. Өйткені, «Алқабилер туралы» заңда  алқаби мен оның отбасы мүшелерi, сондай-ақ дүние-мүлкi мемлекеттiң қорғауында болатыны көрсетілген. Егер алқабилердің көңіліне күмән кіріп, қандай да бір теріс ықпалды сезсе, тиiстi органдарға өтiнiш бере алады. Ал тәжірибе барысында алқабидің қауiпсiздiгiне қатысты күмән расталса, сот алқабидiң, оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн, олардың иелігіндегі мүлiктердiң сақталуын қамтамасыз ету бойынша қажеттi шаралар қабылдайды. Жоғарғы Сот келтірген статистикалық көрсеткіштерге сай, бүгінгі күнге дейін алқабилердің өміріне, отбасына қауіп төндіретін жағдайлар орын алмаған. Сондықтан, азаматтардың алаңдауына ешқандай негіз жоқ.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.