Астанада аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен елордалық Мемлекеттік кірістер департаментінің жанама салықтарды әкімшілендіру ҚҚС аудиті басқармасының басшысы ұсталды.
«Антикор» ресми өкілі Данияр Биғайдаровтың айтуынша, күдіктінің тұрғылықты жерін тінту кезінде 130 миллион теңгеге жуық ақша табылды, оның заңдылығы анықталуда.
«Ол кәсіпкерлік субъектісінен 36 млн теңге сомасында ҚҚС қайтару туралы оң шешім қабылдағаны үшін 3,6 млн теңге көлемінде пара алған. Тұрғылықты жерінде жүргізілген тінту барысында 129,4 млн теңге тәркіленді. Заңдылық және олардың шығу тегі тексерілуде. Соттың рұқсатымен күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу жалғасуда», – деді Биғайдаров.