Ақтөбеде өзін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкері ретінде көрсетіп, кәсіпкерлерден ақша бопсалаған күдікті ұсталды.
«Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті қызметкерлерінің бірлескен іс-қимылы нәтижесінде бопсалаушылық жасады деген күдікпен ер адам ұсталды», – деп хабарлады Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында белгісіз адамның Ақтөбедегі кәсіпкерлерден ақша бопсалап жүргені жөнінде ақпарат алынғаны хабарланды.
Күдіктінің жеке кәсіп иелеріне қоңырау шалып, өзін антикор қызметкері ретінде таныстырып, ойдан шығарылған негіздермен қылмыстық іс қозғайтынын айтып қорқытқаны анықталды. Ол жәбірленушілер жайлы құпия ақпараттарды қолдана отырып, қысымды күшейткен.
«Мәселен, ол бір ЖШС-нің кадр бөлімі басшысынан 5 миллион теңге талап еткен. Ұстау сәтінде күдікті мінген көліктен 4 миллион теңге табылып, тәркіленді. Аталған дерек бойынша “Бопсалау” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – делінген хабарламада.