
Ақкөл аудандық соты бұрынғы ТКШ бөлімінің басшысы мен ЖШС директорына қатысты үкім шығарды, олар қызметтік өкілеттілікті теріс пайдалану және бюджет қаражатын жымқыру бойынша кінәлі деп танылды.
«Ақкөл аудандық соты мемлекеттік орган басшысы В.-ға мемлекетке залал келтіре отырып, қызметтік өкілеттілікті теріс пайдаланғаны үшін (ҚК 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы) және ЖШС директоры К.-ға ірі көлемде мүлікті жымқырғаны үшін (ҚК 189-бабы 3-бөлігі 1-тармағы) қатысты қылмыстық істі қарады», – делінген хабарламада.
Соттың анықтауынша, 2022 жылы ТКШ бөлімі мен ЖШС арасында қазандықтарды жөндеу бойынша келісімшарт жасалған. Алайда Ақкөлде үш жылыту қазандығын орнату бойынша орындалған жұмыстардың актілері іс жүзінде монтаждау жүргізілмегеніне қарамастан толтырылған. Бұл туралы біле тұра, ТКШ бөлімінің басшысы актілер мен төлем шоттарына қол қойған. Нәтижесінде кәсіпкер 8 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырған.
«Аталған қылмыстық іс процессуалдық келісіммен сотқа түсті, онда В. мен К. кінәсін мойындады», – деп атап өтті сот.
Жеңілдететін мән-жайлар ретінде сот шын жүректен өкінуді, кінәні мойындауды, кәмелетке толмаған балаларының болуын және келтірілген залалды өтеуді ескерді. Ал бұрынғы шенеунікке қатысты қылмысты қызметтік антын бұза отырып жасауы ауырлататын мән-жай ретінде қаралды.
Сот олардың әрқайсысын үш жыл алты айға бас бостандығын шектеу жазасына кесіп, бұрынғы шенеунікті мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырды, ал кәсіпкерге басшылық және материалдық жауапкершілігі бар лауазымдарды атқаруға тыйым салды.
-
22.02.2025
-
22.02.2025
-
22.02.2025
-
22.02.2025
-
22.02.2025
-
22.02.2025
-
21.02.2025
-
21.02.2025
-
21.02.2025