arasha.kz

Ақпараттық базадағы мәліметтерді желіге немесе алаяқтарға бергені үшін жауапкершілік енгізіледі

Премьер-Министр Олжас Бектенов Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. Жиында интернет-алаяқтыққа қарсы күрес және қаржы пирамидаларының алдын алу шаралары қаралды.

Ішкі істер министрі келтірген мәліметте алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде «Киберпол» арнайы топтарымен 2,5 мыңнан астам қылмыс ашылғаны айтылды, Нәтижесінде 962 млн теңге көлеміндегі шығын өтелген. 914 қылмыскер ұсталып, жалған нөмірлерден түскен 58 млн қоңырау бұғатталды. 

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметтері бойынша, биыл 43 қаржы пирамидасы анықталып, мессенджерлердегі 266 чат жабылған. Осылайша, 2 млн-ға жуық азаматтың қаржылық шығынының алдын алды.

«Киберқадағалау» жүйесі 8 мыңнан астам алаяқтық сипаттағы сайтты бұғаттады.  

Премьер-Министр Олжас Бектенов алаяқтық схемалар үздіксіз дамып келе жатқандықтан бірқатар бағыт бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. 

«Мемлекет басшысы интернет-қылмыстарды ерте анықтау мен жолын кесу мәселесіне баса назар аудара отырып, оларға қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуді бірнеше рет тапсырды. Онлайн-кредиттерді ресімдеуге, банктік жинақтарды ұрлауға байланысты әрекеттердің көпшілігі шетелден отырып жасалады. Оның үстіне ақпараттық базадағы мәліметтерді желіге немесе алаяқтарға беру бойынша да жауапкершілік жоқ. Сондықтан мүдделі мемлекеттік органдар банк шоттарын, карталарды, жеке куәліктегі деректерді, телефон нөмірлерінің базаларын бөтен адамдарға қасақана бергені үшін жауапкершілікті енгізу мәселесін пысықтауы қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Exit mobile version