Арон Атабектің жақындары оның түрмедегі қолжазбалары сақталған сөмкесін таба алмай жүр. Туыстарының айтуынша, Алматыға ұшарда сөмкені қандай да бір себептермен Атабекке берілмеген.
Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова Арон Атабектің жағдайына қатысты пікір білдірді. БАҚ 15 жылдан кейін бостандыққа шыққан Атабектің жансақтау бөлімінде жатқанын жазды.
Омбудсмен бұрынғы тұтқынның қазіргі жағдайынан бейхабар екенін мойындады.
«Мен оның жансақтау бөлімінде жатқанын білмеймін, бірақ бейресми дереккөздерден оның сол жақта екенін естідім. Алайда нақты айта алмаймын, дәрігерлік құпия деген бар. Өздеріңізге мәлім, ол түрмеден денсаулығына байланысты босатылған еді», – деді Әзімова мәжіліс кулуарында.
Бұған дейін Атабектің отбасы оны толығымен ақтау, шетелге шұғыл емге ұшып шығу үшін бас бостандығын шектеу жазасын алып тастау үшін күресетінін мәлімдеген еді.
Айта кетейік, Арон Атабек 2006 жылы болған «Шаңырақ ісі» бойынша 18 жылға сотталды.