arasha.kz

Арыстанбек Мұхамедиұлы заңсыз иеленіп алған нысандар мемлекетке қайтарылып жатыр

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы кезінде арзанға сатып алған нысандарын мемлекет меншігіне қайтарып жатқанын мәлімдеді.

Дәлірек айтсақ, прокурорлар 4,8 млрд теңгеден астам сомаға мүлікті мемлекет меншігіне қайтару туралы талапқа бастамашы болған. Сот әзірге бір талапты ғана қанағаттандырған.

«Мәселен, 2019 жылы бұрынғы мәдениет министрі Мұхамедиұлымен үлестес жеке компания 332 млн теңгеге Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебін сатып алған. Алматы қаласында орналасқан кәсіпорын сатылғанға дейін 662 млн теңгеге бағаланған. Бірақ, бұндай нысанның нарықтағы құны 1,213 млрд теңге», – деп хабарлайды Бас прокуратура.

Алматы қаласының прокуратурасы кәсіпорынды сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап қойған.

«Сонымен қатар, Астана және Алматы қалаларында бұрынғы Мәдениет министрі Мұхамедиұлымен байланысты компанияларға 3,5 млрд теңгеден астам сомаға сатылған тағы үш объектіні мемлекет меншігіне қайтару туралы талап сотта талқыланып жатыр. Бұл іс бойынша Ұлытау облысының прокуратурасы Қарағанды мемлекеттік мүлік департаменті басшыларының бірін сотқа берген», – деп жазады прокуратура.

Айта кетейік, Арыстанбек Мұхамдиұлы өкілеттілігін теріс пайдаланғаны үшін және аса ірі мөлшерже қаражат ұрлап, рейдерлік жасағаны үшін 11 жылға сотталған болатын.

Exit mobile version