Қазақстандағы сот жүйесі соңғы жылдары ашықтыққа бағыт алғанын жиі айтып келеді. Жариялылық қағидасы заңмен де бекітілген. Судьялар енді қоғам алдында тек заңды ғана емес, халықтың сенімін де қорғауы тиіс. Бірақ бұл сенім жолында судьяларға артылған моральдық, кәсіби және психологиялық жүктеменің салмағы қаншалық? Ашық процестер – әділдікті нығайтудың жолы ма, әлде судьяларды күйзеліске ұшырататын тәуекел бе? Бұл сұрақтарға тәжірибелі судьялар нақты жауап беріп отыр.
Алматы қалалық сотының судьясы, танымал заңгер Динара Құйқабаева Қазақстанда ашық процестер туралы алғашқылардың бірі болып ашық айтып жүрген тұлғалардың бірі. Оның Facebook парақшасындағы жазбалары мен сөздерінен судьялардың күнделікті көріп жүрген қысымы мен ішкі әлемі көрінеді.
«Ашық сот процесі дегеніміз – камера, қоғам назары, тікелей эфир. Бұл – халық үшін жақсы, бірақ судья үшін моральдық және физикалық ауыр процесс. Эмоцияға ерік беруге болмайды, бірақ ішіңде не болып жатқанын ешкім білмейді. Ашық сот – бұл жерде сенің әр сөзің, әр қимылың жұрт алдында. Барлығы сені бақылап отыр», — дейді Динара Құйқабаева.
Ол Сайрагүл Сауытбай ісін жүргізу барысында бұрын-соңды болмаған қысымды сезінгенін айтады.
«Қытайдың өзінен қысым болды. Ел ішінде де шу. Сот залы толып кетті, сыртта адамдар кезекте тұр. Қоғам мен мемлекет назарын бірдей ұстау – өте қиын. Базарға шықсаң – бәрі осы іс жайлы сұрайды. Демалуға мүмкіндік жоқ. Өзімді психологиялық тұрғыдан өте әлсіз сезіндім», — дейді Динара Құйқабаева.
Динара ханым сот процесінен кейін үш күн бойы тұра алмай жатып қалғанын, жүйкесі сыр бергенін жасырмай айтты. Оның айтуынша, кейде қоғамның түсінбестікпен қабылдауы, эмоциялық қысым, хейт пен шабуыл судьяны күйзелуге әкеледі.
«Сот әділ шешім шығарған күннің өзінде қоғам қабылдамаса, сені кінәлайды. Комментарий оқуға болмайды. Әлеуметтік желідегі хейт – тікелей шабуыл. Судья соның бәріне төзуі керек. Бірақ біз де адамбыз.»
Советхан Сәкенұлы: «Судья – логикалық машина болуға мәжбүр»
Жоғарғы Соттың судьясы Советхан Сәкенұлы да ашық процеске қарсы емес, бірақ оны өткізу үшін судья бірнеше қабілетті қатар алып жүруі керек дейді.
«Судья логикасы мықты болу керек. Барлық сұрақтарды, дәлелдерді жинап, ортақ шешімге келуі керек. Бұл оңай емес. Ашық процеске шыққанда сенің ойың бөлінеді: бір жағында – қоғам не дейді, бір жағында – прокурор, екінші жағында – айыпталушы, оның туыстары, сосын камера, микрофон, тікелей эфир…», — дейді ол.
Оның пікірінше, мұндай ауыр процестерге кез келген судья дайын емес. Ал дайын болмаған жағдайда, дұрыс шешім қабылдауға да кедергі келуі мүмкін:
«Біз көбіне техникалық мәселеге көп мән береміз: камера бар ма, микрофон істей ме. Бірақ судьяның ішкі күйін, шешім қабылдауға әсер ететін факторларды ескермейміз. Бұл – жүйенің әлсіз жері».
Астана қаласы бойынша ауданаралық қылмыстық соттың судьясы Айжан Күлбаева ашық процеске бірнеше рет қатысқан. Оның пікірінше, ашықтық – сотқа деген сенімді арттырады, бірақ судья үшін бұл кәсіби дайындықты талап ететін ерекше процесс.
«Судья алдымен эмоциясын басқара білуі керек. Қоғам алдында отырғаныңды білсең де, тек заңға сүйеніп шешім шығаруың керек. Ашық процесс кезінде адамдардың көзіне қарап сөйлеу, олардың реакциясын ескеру – қосымша жүктеме. Сондықтан бізге арнайы психологиялық дайындық қажет».
Ол сондай-ақ, судьялар жұмысына сыртқы пікірлердің әсері болмауы тиіс екенін ескертеді.
«Судьяның қорқынышы – шешімім жұртқа ұнамай қалса не болады? Бірақ біз – популистер емеспіз. Халыққа ұнау үшін шешім шығармаймыз. Бұл жерде заң үстемдік етуі тиіс.»
Динара Құйқабаева сот жүйесі енді тек заңмен ғана емес, қоғаммен де жұмыс істеуі керек екенін айтады. Оның ойынша, судьялар коммуникация, этика, эмоцияны басқару, тіпті медиа сауат секілді жаңа дағдыларды меңгеруі тиіс:
«Судья халықпен тіл табыса білуі керек. Біз тек үкім шығарушы емеспіз. Біз қоғамға түсіндіруші, түсіндірмелерді қарапайым тілмен бере алатын маман болуымыз керек. Бұрын тек заңды білу жеткілікті еді, қазір жеткіліксіз. Қоғам психологиясын да түсіну қажет».
Ашық сот процесі – қоғам үшін маңызды әрі қажет құрал. Ол халықтың сот жүйесіне сенімін арттырады. Бірақ бұл жүйе жұмыс істеуі үшін судьялардың тұлғалық, кәсіби және психологиялық қорғанысын қамтамасыз ету шарт. Қазіргі таңда ашық процестерге қатысқан судьялардың пікірі бұл жүйені әлі де жетілдіру қажет екенін көрсетіп отыр.
Судья – жай үкім шығарушы емес. Ол – қоғамның алдында тұрған әділеттіліктің бейнесі. Бірақ сол бейне де адам екенін ұмытпауымыз керек.
Самал Асқар, arasha