09-02-19 |
5320 рет қаралған
Астанада аналар алаңға жиналды.
Астанада аналар алаңға жиналды

9 ақпан күні Астанада ондаған ана Конгресс-холл алдына жиналып, әкімдікке талаптарын жеткізбек болды. Оларға қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аманшаев әр ана өзі тіркелген ауданның әкімдігіне барып, талаптарын жазып, арыз қалдыруға болатынын айтты.

Конгресс-холл алдына жиналғандар 6 ақпанда Астанада жиын өткізіп, билікке талап айтқан аналарды қудаламауды сұрады. Жиынға келген ана Шолпан Каленгареева әлеуметтік желіге өз талаптарын айтып, видеоүндеу жариялаған соң үйіне полиция келгенін айтты.

Конгресс-холл алдына келген прокуратура өкілі бұл шараның заңсыз екенін ескертті. Кейін жиналған аналар өздері тұратын ауданның әкімдіктеріне барып, арыз жазамыз деп тарап кетті.

6 ақпанда Астанада аналар жиналып, өздерінің билікке талаптарын қойған. Олармен кездесуге билік тарапынан Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев шыққан. 8 ақпанда Алматы, Қызылорда, Ақтөбеде бір топ ана әкімдікке барып, билікке балаға төленетін жәрдемақыны көбейту, көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету және өзге әлеуметтік проблемаларды шешуді талап еткен.

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді.​ Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейген.

6 ақпанда Қазақстан үкіметі ел азаматтарының табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту, көпбалалы отбасыларға қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобы құрылғанын хабарлады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек үйі жоқ көп балалы отбасыларға пәтер салуға қаржы іздестіріліп жатқанын айтты.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.