Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Атырау облысы полиция басшысы Аян Дүйсембаевты қызметінен босату туралы президент әкімшілігіне ұсыным түсірді, деп хабарлайды ІІМ-нің баспасөз қызметі.
«Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша ішкі істер министрі А.С. Дүйсембаевты атқарып отырған лауазымынан босату туралы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне ұсыным енгізу жөнінде шешім қабылдады. Сонымен қатар, Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы полиция майоры С.А. Қалиев орнынан босатылды және бірқатар лауазымды тұлғалар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, министрдің орынбасары жеке құраммен қызметтік тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселесі бойынша жедел кеңес өткізді» делінеді баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Аян Дүйсембаев туған жері Қызылқоға ауданына барған сапарында оған жергілікті кәсіпкер ат мінгізгені және жерлестері оны сән-салтанатпен күтіп алғаны жария болып, қоғамдық резонанс тудырған еді. Осы оқиғадан соң президент Қ.Тоқаев ІІМ министріне қызметтік тексеріс жүргізуді тапсырып, Дүйсембаевқа қатаң шара қолданылатынын мәлімдеген.