Жұртшылық арасында әлі күнге дейін алиментке қатысты біржақты түсінік басым. Көпшілігі бұл ажырасқан еркектің өз баласына жалақысының ширек бөлігі көлемінде ай сайын аударатын міндетті төлемі деп біледі. Бұған соңғы жылдары көшелер мен көпшілік жиналатын өзге де орындарға ілініп жүрген жарнамалық баннерлердің де әсері аз емес.
Мәселен «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы кодексінің 1-бабында «алименттер – бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражат» деген анықтама берілген. Яғни отбасы ажырасқан жағдайда алимент бала кімнің қолында қалса, соған екінші тараптың оны күтіп бағуға берілетін қаражаты ғана емес, еңбекке қабілетсіз мұқтаж жұбайы не зайыбына және ер жеткен балалардың көмекке мұқтаж ата-аналарына төлейтін қаржысы деп түсіну керек.
Алимент – отбасылық құндылықтың бұзылмауы және оның қорғалуы тұрғысынан алып қарағанда қоғамдық маңызы бар көкейкесті мәселе. Сол себепті кодекстің «Отбасы мүшелерінің алименттік қатынастары» деп аталатын 5-бөліміндегі 19-23 тарауларында ата-ана мен балалардың алименттік міндеттемелері; Ерлі-зайпытылардың және бұрынғы ерлі-зайыптылардың алименттік міндеттемелері; Отбасының басқа мүшелерінің алименттік міндеттемелері; Алиментті төлеу туралы келісім; Алиментті сот тәртібімен төлеттіру және өндіріп алу тәртібі жеке-жеке қарастырылған.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне қарағанда, елімізде алимент төлемегені үшін қазір 1 618 адам іздестірілуде. Оның 1476-сы ер адам болса, 142-сі әйел адам. Іздеу салынғандардың көбі 31-40 жастағылар. Алимент төлеуден жалтарушылардың көбі Астана (361), Алматы (191) қалалары мен Ақтөбе (143), Қостанай (140), Жамбыл (140), Павлодар (108), Алматы (102), Маңғыстау (59) облыстарынан іздеу салынғандар.
2023 жылдың 9 айында Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізімінде (СДТБТ) алимент төлеу жөніндегі міндеттерді қасақана орындамау фактілерімен Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 427 қылмыстық іс тіркелген. Бұл бапта алменттен жалтарушыларға алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Бұл қылмыстық құқық бұзушылықтардың ең көбі: Маңғыстау (46), Алматы (45), Қостанай (44), Шығыс Қазақстан (43), Павлодар (40), Қарағанды (35), Абай (32), Ақмола (26), Солтүстік Қазақстан (21) облыстары мен Астана (17) қаласында тіркелген. Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 9 айда сотталған 207 адамның 196-сы бас бостандығын шектеуге, бесеуінен қоғамдықө жұмыстарға, төртеуіне бас бостандығынан айыруға, екеуіне шартты түрде жаза кесілді.
Жалпы алимент бойынша сот орындаушылардың өндірісінде алимент өндіріп алу туралы 309 670 атқарушылық іс орындауда болды, оның ішінде 150 821 атқарушылық құжат мерзімдік өндірілуде. Бұл ретте балаларға ғана емес, ата-аналарын, жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға да алимент өндіріп алынады. Балаларды күтіп-бағуға арналған алимент бойынша 291 886 атқарушылық іс; Еңбекке қабілетсіз ата-аналарын күтіп-бағуға 773 атқарушылық іс; Еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға 4 506 атқарушылық іс өндірісте болды. Бұдан басқа, көрсетілген кезеңде соттармен бұйрық тәртібінде кәмелетке толмаған балаларды асырауға алимент өндіріп алу туралы 31 493 азаматтық іс қаралды.
Азаматтар алимент өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер болып табылатын тұлғаларды Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің qamqor.gov.kz порталындағы «Алимент бойынша борышкерлерді іздестіру» бөлімінен тексере алады.
Кодекстің 75-бабының 1-тармағының 1) тармақшасы бойынша бөлігі егер ата-аналық мiндеттерiн орындаудан жалтарса, оның iшiнде алимент төлеуден қасақана жалтарса ата-ана құқынан айрылады. Осы арада 76-бабының 1-тармағы бойынша ата-ана құқықтарынан айыру сот тәртiбiмен жүргiзiлетін де айта кеткен жөн. Ал 77-бап бойынша ата-ана құқықтарынан айыру баламен туыстық фактiсiне негiзделген барлық құқықтардан, оның iшiнде одан күтіп-бағу қаражатын алу, сондай-ақ балалары бар азаматтар үшiн белгiленген жеңiлдiктер мен мемлекеттiк жәрдемақыны алу құқықтарынан айрылуға әкеп соғады. Ата-ана құқықтарынан айыру ата-аналарды өз баласын күтіп-бағу мiндетiнен босатпайды, бұл міндет оны асырап алуға байланысты тоқтатылады. Бала мен ата-ана құқықтарынан айырылған ата-ананың одан әрi бiрге тұруы туралы мәселе сот тәртiбiмен шешiледi. Сол сияқты 80-баптың 2-тармағы бойынша ата-ана құқықтарын шектеу ата-аналарды баланы күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттерден босатпайды. Ал кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға сот тәртібімен өндіріп алынатын алименттің мөлшері 139-бапта қарастырылған. Оған сәйкес алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алиментті ай сайын мынадай мөлшерде: бір балаға – ата-анасы табысының және өзге де кірісінің – төрттен бір бөлігін; екі балаға – үштен бір бөлігін; үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алады. Бұл үлестердің мөлшерін сот тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайларын және назар аударарлық өзге де мән-жайларды ескере отырып, кемітуі немесе көбейтуі мүмкін. Ал 151-бапта кәмелетке толмаған көмекке мұқтаж інілері (қарындастары) мен сіңлілерінің өз ата-аналарынан күтіп-бағу қаражатын алуға мүмкіндігі болмаған жағдайда, өздерінің алимент төлеуге қажетті қаражаты бар еңбекке жарамды, кәмелетке толған бірге туған ағалары мен апаларынан сот тәртібімен алимент алуға құқығы бары көрсетілген. Яғни заң бойынша алимент алудың және ол ертікті түрде төленбеген жағдайда оны сот арқылы өндіріп алудың бүкіл тетігі кодексте барынша қарастырылған. Мәселенің бәрі тараптардың өз міндетін мүлтіксіз орындауына және ол орындалмаған жағдайда құқық қорғау органдарының іс-қимылын тиімді ұйымдастыруға ғана байланысты.
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
20.12.2024