Сот жұмысын жақсарту, судьялардың жүктемесін азайту мақсатында қолға алынған шаралар аз емес. Бүгінде болмашы дау-дамай, келіспеушілік үшін соқа шағымданатындар қатары қалың. Әрине, бұл құқықтық мемлекет үшін дұрыс, қажет үрдіс. Түйткілді жұдырықтың күшімен емес, әділдік алаңында, бейбіт шешкен өте тиімді. Алайда, мұндай жағдай сот жүктемесін айтарлықтай көбейткені рас.
Ал жүктеменің тым көптігі судьялардың істерге жеткілікті деңгейге зерттемеуіне, құқықтық құжаттарды жан-жақты қарамауына, қателік жіберуіне әсер етеді. Мұндай олқылықтың алдын алу үшін тәжірибеге енгізілген тың әдістің бірі – Атқарушылық жазба.
«Медиация туралы» заңның енгізілуімен тараптарды татуластыруға, дауды бейбіт шешуге, адвокаттардың көмегімен партисипативтік келісімдер жасауға қол жеткізілсе, атқарушылық жазба арқылы келіспеушіліктерді нотариустардың араласуымен реттеу бүгінде тәжірибеге енгізіліп отыр. Атқарушылық жазба жасау нотариустарға берілгенген дейін мұндай даусыз істерлің бәрі сот құзырында болды. Бұл борышкерден өндіріп алушыға тиесілі белгілі бір ақша сомасын өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті талап ету туралы өкім.
Атқарушылық жазба шығарудың өіндік талаптары бар. Мұндағы басты шарт – талап даусыз болуы тиіс. Енді осы жазбалардың түрлеріне жеке-жеке тоқталған жөн. Біріншіден, атқарушылық жазба нотариат куәландырған мәмілеге негізделген міндеттемені орындау туралы жасалады. Мысалы, мүлкі бүлінген азамат пен мүлікке зиян келтірген азамат нотариус арқылы өзара келісімге келіп, мүлікті орнына қоятын уақытты бекітеді. Нотариус жазбаны бекіткеннен кейін бұл талапты орындау міндет. Егер залал келтіруші мүлікті орнына қоймаған жағдайда талапкер сот жүгініп, іс ортақ тәртіпте қаралады.
Екіншіден, талап ету мерзімі басталған және міндеттемені орындамаған жазбаша мәмілеге негізделген міндеттемені орындау туралы борышкер талабы атқарушылық жазбамен бекітіледі. Үшіншіден, нотариус жасаған вексельдің төлем жасамаудағы, акцептемеудегі және акцепті күні белгілемеудегі наразылық бойынша міндеттемені орындауға қатысты нтариустың атқарушылық жазбасы да кең қолданылады.
Бұдан бөлек, лизинг шартына немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лизинг нысанасын талап ету туралы жазбалар жасалады. Сонымен қатар, ломбард борышкер-кепіл берушіге ұсынған кредитті қайтару мерзімі өткеннен кейін кепіл нысанасына өндіріп алу туралы атқарушылық жазбалар да жиі тіркеледі.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның барынан көпшілік жақсы хабардар. Осы заңда бекітілген кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған міндетті шығыстарға қатысудан жалтаратын үй иелерінен берешекті өндіріп алу мәселесі де атқарушылық жазба арқылы шешімін тауып келеді. Өкінішке орай, мұндай мәселелер көпқабатты тұрғын үй тұрғындары арасында көп кездеседі. Дегенмен, мұндай үй тұрғындары ортақ мәселені бірігіп шешу, көршілер арасындағы азаматтық-құқықтық қарым-қатынасты сотқа жеткізбей, атқарушылық жазба арқылы реттеуге бейімделіп келеді.
Бүгінгі қоғамда коммуналдық қызметтерге байланысты мәселелердің де жиі көрініс табатыны белгілі. Кейбір азаматтар электр энергиясын тұтынып, су мен газды пайдаланғанымен, оның ақсын төлеуге келгенде жауаптылықтан жалтарып жатады. Ал коммуналдық төлемдерде қарыздың көбеюі бұл қызмет сапасына тікелей әсер етеді. Бірақ, төлем үшін соттасу жеке адамдарға да, коммуналдық мекемелерге де тиімсіз. Осы ретте бұл түйткілдің атқарушылық жазба көмегімен шешілуі қос тарапқа да ыңғайлы болатынын айта кеткен орынды. Қазіргі уақытта жаңа мүмкіндікке арқа сүйеген коммуналдық мекемелер электр, газ, жылу, сумен жабдықтау сияқты нақты тұтынған қызметтері үшін берешегі бар тұрғындармен нотариуста шарт жасасып, қарызды оңай қайтартады.
Нотариустар қызметіне пәтерін жалға берушілер мен пәтер жалдаушылар да жүгінеді. Екі жақ та өзінің құқығы бұзылмас үшін пәтерді жалдау келісімшартын түзеді. Ал жалдау шартындағы төлемақы белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда атқарушылық жазбаның көмегімен өндіріп алынады.
Сонымен қатар, жұмысшының атқарған қызметіне есептелген, бірақ төленбеген жалақыны және өзге де төлемдерді өндіріп алумен байланысты, бұған қоса, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы аударымдарын өндіріп алу туралы мәселелер де атқарушылық жазба шеңберінде шешімін табатынын ескерген жөн.
Азаматтар кейінгі кезде адвокаттарының көмегімен дауды партисипативтік рәсім арқылы реттеп жатады. Ал осы партисипативтік рәсім тәртібімен жасалған келісімдерді орындауда да атқарушылық жазба қолданылады.
Міне, осыдан көріп тұрғанымыздай, нотариустарға атқарушылық жазба жасау құзыретінің берілуімен қос тараптың өзара келісімен реттеуге болатын істер сотқа жетпей шешімін табуда. Дегенмен, атқарушылық жазба жасаудың өзіндік шарттары қарастырылған. Соған орай нотариус нотариаттық әрекеттерді жүзеге асыру барысында жалпы шарттарды назарда ұстаумен бірге, борышкердің өндіріп алушы алдындағы берешегіне немесе өзге де жауапкершілігіне қатысты даудың жоқ екендігін тексеруі керек.
Атқарушылық жазба жасау үшін нотариусқа берілетін құжаттар реті айқындалған. Соған орай, ең алдымен азаматтар нотариусқа атқарушылық жазба жасау туралы өтініш беруі қажет. Өтініш заңды тұлғаның атынан болған жағдайда оған бірінші басшы және бас бухгалтер қол қойып, мөр басады. Бұдан кейін талап түріне байланысты талаптардың даусыз екендігін растайтын құжаттардың ұсынылуы міндетті. Сондай-ақ, берешекті төлеу мерзімі, төлем жасау жөніндегі міндеттің туындаған күні, берешек сомасы туралы мәліметтер толық ұсынуы тиіс.
Құжаттар толық берілген жағдайда ғана нотариус борышкерден ақшаны өндіріп алу немесе өзге де жылжымалы мүлікті талап ету үшін атқарушылық жазба жасайды немесе тиісті қаулы береді. Атқарушылық жазба бойынша өндіріп алу Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
-
30.12.2024
-
30.12.2024
-
30.12.2024
-
30.12.2024
-
30.12.2024
-
30.12.2024
-
28.12.2024
-
28.12.2024
-
28.12.2024