09-10-18 |
12810 рет қаралған
Ажырасу азаймай тұр: Некелерін бұзып, мүлік даулаған үш жұптың хикаясы.
Ажырасу азаймай тұр: Некелерін бұзып, мүлік даулаған үш жұптың хикаясы

Құрметті оқырман!
arasha.kz – ақпараттық-құқықтық порталы «Құқықтық алаңдағы қоғам» атты жаңа жоба бастап отыр.

Жоба барысында жарық көретін материалдардан әр адам өзіне қажетті заң-құқықтық ақпарат, деректі мәліметтер алып, нақты оқиғаларға құрылған мақалалар легімен оқып танысуға болады. Және де құқықтық саладағы түрлі статистикалық мәліметтерді, деректерді видео/инфографика түрінде де ұсынатын боламыз!

Бүгін «Құқықтық алаңдағы қоғам» жобасының алғашқы мақаласын назарларыңызға ұсынамыз!

Ажырасу азаймай тұр: Некелерін бұзып, мүлік даулаған үш жұптың хикаясы

Ежелгі қазақ халқының таным-түсінігінде «Шыққан қыз – шиден ары», «Қайтып келген қыз жаман» деген қатал тыйыммен тұрмысқа шыққан қыз баланың ажырасуына жол берілмеген. Тұрмысқа шыққан әйел қанша қаласа да төркініне қайтып кете алмаған. Ал қазіргі таңда ер мен әйелдің құқығы теңдей заңмен қорғалып, әйелдер еркіндікке қол жеткізген. Дегенмен, еліміз бүгін ажырасу саны ең көп мемлекеттер қатарына кіріп отыр. 2016 жылы Ұлыбританияның The Ecomomist басылымы жариялаған «Әлем статистикасы» дерегі бойынша Қазақстан әлемде ажырасатындар ең көп тіркелген 10 елдің ішіне кірді.

Ал статистика комитетінің мәліметтеріне қарасақ, Қазақстанда ажырасу саны жыл сайын тұрақты өсіп келеді. 2000 жылы елімізде 27 мыңнан астам отбасы бұзылса,  бұл көрсеткіш осы уақытқа дейін тұрақты өсіп, 2017 жылы 54 626-ға жетті, яғни екі есе өскен. Ал 2016 жылмен салыстырғанда бұл 2 633 отбасына артық болып отыр. Ол 1000 адамға шаққанда 3,03 жанұядан келеді екен. Соңғы 17 жылда ажырасу саны бойынша Алматы қаласы үнемі көш бастап келеді. Былтыр шаһарда 6748 шаңырақ шайқалған екен. 2000 жылы бұл сан екі есе аз болған. Ал Алматы облысы мен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстары аталған көрсеткіш бойынша екінші үшінші сатыға жайғасыпты.

Алайда бұл статистикалық деректер тек заңды некеге тұрып, ажырасқандарға ғана қатысты. Ал мұсылманша некесін қидырып, ешқандай заңға жүгінбеген ерлі-зайыптылардың қанша екендігі жөнінде ресми дерек жоқ.

«Ажырасудың негізгі факторы – отбасы құндылығының жойылып бара жатқандығы»

Қайрат Жүкел, заңгер
Қайрат Жүкел, заңгер

Елімізде дау-дамаймен ажырасатындар көп дейді ажырасу ісімен айналысатын заңгер Қайрат Жүкел олардың көпшілігі «ажырасудың салдарынан туындайтын мүліктік даулар» екенін жеткізді.

«Некеде жиған терген мүлікті бөлу күрделі процесс. Некені бұзу туралы сот істері тез жүреді. Сот екі жақты бітісуге біраз уақыт береді, бітіспесе ажырасу туралы шешім шығарады. Одан кейінгі негізгі проблема – мүлікті бөлуге қатысты. Ол жеке іс болып қаралады. Ол жерде күрделі мәселелер көп. Көбінде жылжымайтын мүлік, көлік, бизнесі барлар компанияларын бөлісуге келгенде үлкен дау туындайды. Сосын ортаға бала салып, бір-бірін бопсалауға дейін барып жатады», -дейді заңгер.

Заңгердің сөзінше, оншақты жыл бұрын көбіне өзге ұлттар ажырасқанда мүлікке талас көп болса, қазір қазақтар арасында да көп екен.

«Біріншіден, отбасылық құндылықтардың жойылып бара жатуы осындай жағдайларға әкеліп отыр. Бұрын ажырасу деген ұят болатын. Қазір ұят емес болып қалды. Ал екінші себебі, халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты. Себебі бір нәрсе сатып алса оны еш даусыз бір-біріне тастап кетуі қиындап кетті. Баспана деген кез келгеннің қолы жете бермейтін дүниеге айналды. Сондықтан оған талас бірден туындайды. Үшінші себебі, қазақта ажырасқан кездегі мүлікті бөлуге қатысты бұрыннан келе жатқан, қалыптасқан бір ережелер мен салт дәстүрлер жоқ. Өйткені қазақта ажырасу бұрын болған жоқ. Ұят болды. Егер бұрыннан келе жатқан әдет ғұрыптар болса соған жүгінер еді ғой. Қанша жерден зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатырмыз десек те, қазақтар алдымен әдет-ғұрыпқа жүгінеді, одан кейін барып сотқа барады», -деді Қайрат Жүкел.

Заңгер Қайрат Жүкел елімізде отбасы құндылықтары көбірек насихатталуы керек деп есептейді. Ал ажырасатындар мұндай дауды болдырмау үшін, неке шартын жасау арқылы мәселені туындатпауына болады.

«Біздікілер қазір «Еуропаша» ажырасып, кинодағыдай дүние мүлкін болісіп  жатыр ғой. Ал үйленген кезде «қазақша» (заңды тіркелмей – ред.) неке қияды. Ешқандай келісім жасамайды. Дау-дамаймен ажырасатындары бар бірден «Еуропаша» үйленулері керек еді. Алдын ала келісіп, неке туралы шарт жасап, кімге қандай мүлік тиесілі болады, кімнің атына қандай мүлік тіркелген деп, ортақ мүлік тең бөлінеді немесе біреуінің мүлкі азырақ, біреуінікі көбірек болады деген сияқты кәдімгі неке шартын жасау керек. Сонда мұндай даулар мүлдем болмайды», -дейді.
фото - mhealth.ru
фото – mhealth.ru

«Жер телімінің құжатын қайтару үшін ажырасқан кезде ақша талап еткен»

Қайрат Жүкел жүргізген даулы істердің бірінде ерлі-зайыптылар заңды некеге отырмағандықтан іс күрделі болған. Бұл істе талапкер мен жауапкер «Вконтакте» әлеуметтік желісі арқылы 2017 жыл ақпан айында танысқан. Талапкер мұсылманша неке қидырған күйеуі, ал жауапкер әйелі.

Екеуі танысқан кезде жігіт қызға өзінің бұрын заңды некеде болып, ажырасқанын айтқан. Сосын банк депозитында 12 жыл бойы жинап келе жатқан ақшасы бар екенін, сол ақшаға жер сатып алып, үй салғысы келетінін және үйленіп, өзінің мүгедек қарт ата-анасын қолына алғысы келетінін баяндап берген. Әйел де өзінің бұрын ажырасып, бұрынғы заңды некесінен кәмелетке толмаған баласы бар екенін айтқан.

Содан екеуі жарасып, 15 шілде 2017 жылдан бастап заңды некеге тұрмастан бірге өмір сүре бастайды. Сосын күйеуі интернеттегі хабарламалар арқылы үй салатын жер іздеп, қажетті жер телімін табады.

Жер телімінің ақысы ретінде 3 800 000 теңгені жер сатқан адамға санап береді де, одан ақшаны алғандығы жөнінде қолхат алады. Ертеңінде қажетті құжаттарды рәсімдеуге келіседі. Бірақ ол жұмыстан босай алмайтындықтан, сол кезде мұсылманша неке қидырып бірге тұрып жатқан әйелін құжаттарды рәсімдеуге жібереді.

Келісім бойынша ертеңінде сатып алу-сату шартына әйелі ретінде жауапкер қол қояды.

Талапкердің жер телімін жауапкердің атына жаздыру себебі өзінің жұмыстан қолы босамауы және жауапкермен мұсылманша неке қидырып бірге тұрып жатқандықтан, заңды некеге тұрып болашақта қартайғанша ата-анасын бірге бағып, бірге өмір сүреміз деген сенімі болғандықтан өзінің жұбайы ретінде сенім артқаны.

Алайда, 2018 жылдың науырыз айында жауапкер бұрынғы некесінен туған ұлын сүндетке отырғызып келемін деп өзінің ауылына кетеді. Кейін талапкер жауапкердің өз ауылында бұрынғы күйеуімен қайта қосылғандығын және жер телімінің құжаттарын өзімен бірге алып кеткендігін біледі.

Азаматтық некедегі күйеуінің жер телімінің құжаттарын қайтарып, жер телімін өзінің атына түсіріп беру туралы өтініштеріне әйелі үзілді-кесілді бас тартып, жер телімінің құнына парапар ақша талап етеді.

Бұл іс екі жақтың татуласу келісімін жасаумен аяқталды. Күйеуі әйеліне бір миллион теңге төлейтін болып, әйелі жерді қайтарып беретін болып келісті.

«Әйелі күйеуіне жұмсаған шығындарын қайтарып алғысы келеді»

фото - khamatov.ru
фото – khamatov.ru

Келесі ажырасу ісінде Сымбат есімді қыз (аты-жөні өзгертіліп алынды – ред) қыз өзінен сегіз жас үлкен жігітпен заңды неке құрады. Жігіт ажырасқан, бір баласы бар. Тойдың барлық шығындарын қыз көтереді. Тойға дейін, кейін де екеуі әйелінің  табысымен өмір сүреді. Әйелі ірі мұнай компаниясында бухгалтер болып қызмет атқарады. Үйленгеннен кейін арада кикілжің туа бастайды да, күйеуі әйеліне қол жұмсайды. Ақыры сегіз ай ғана бірге өмір сүрген соң, әйелі ажырасуға арыз берген. Қазір күйеуі некеде жиған мүлікті бөлу туралы сотқа арыз бермекші. Ал әйелі неке тіркегенге дейін және некеден кейінгі күйеуіне жұмасаған барлық шығындарын өтеп алмақшы.

«Бұрынғы күйеуінен өздері салған үйден өз үлесін талап етіп отыр»

фото - alimenty-urist.ru
фото – alimenty-urist.ru

Тағы бір ажырасу ісі былай болған: ерлі зайыптылар сегіз жыл заңды некеде өмір сүрген.  Екі баласы бар. Екі жақтап жұмыс істеп жүріп күйеуінің ата-анасы берген жеріне үй салады. Құрылыс толық аяқталмаған, бірақ құжаттарын рәсімдеп алған. Жігіттің ата-анасы мен інісінің семьясымен бірігіп үш отбасы бір үйде тұрған. Жігіттің туыстарымен үнемі арада кикілжің туып тұрған. Сол даулардың бірінде келіншекті қайын атасы ұрып жіберген. Сол оқиғадан кейін әйелді балаларымен бірге қуып жібереді.

Әйел заңды түрде ажырасқан соң, балаларын ауылдағы шешесіне апарып тастаған. Енді балаларын қасына алу үшін, бұрынғы күйеуінен өздері салған үйден өзінің үлесін талап етіп отыр. Сол ақшаға басына баспана құрап алмақшы. Күйеуі басында келіспей жүрген, сотқа арыз түскен соң екі жақ келісімге келіп, күйеуі әйеліне оның үлесін ақшалай беруге келіскен.

2017 жылы Қазақстанда 54 626 отбасы заңды некесін жойды десек, олардың көбі балалы-шағалы жанұялар екені белгілі.  Ажырасудан ерлі-зайыптардың өздері ғана емес, алдымен арадағы балалары зардап шегеді. Егер ажырасу ісі дау-дамайға ұласса ол тіпті баланың психикасын ауыр жарақаттауы мүмкін.

«Әр шаңырақтың өз отбасылық дәстүрі болғаны дұрыс»

Динара Болат, психолог, журналист, блогер
Динара Болат, психолог, журналист, блогер

Психолог, блогер Динара Болат моральдық жұтаңдау және материалдық дағдарыс ажырасуға себеп деп біледі. Ол «Отаршылық көрген елміз. Бізде бірталай экономикалық дағдарыстар болды. Кеңес үкіметі кезінде психология, философия деген ғылымдар қолжетімсіз еді. Адамдарға бақыт туралы, өзі туралы, өмір сапасы туралы ойлауға мүмкіндіктер берілген жоқ. Барлығы бірдей болуы керек дейтін саясат бар еді. Онымен қоса ол кезде әр отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Ал қазір баспана мәселесі өзекті болып отыр» дей келе:

– Үкімет тарапынан жастарға қолдау бағдарламалары болуы шарт және отбасы туралы пән мектеп қабырғасында енгізілуі қажет. Мысалы, Қытай, Үндістан сияқты елдерде абыройлы ер азамат, болашақ ана деген сияқты тақырыптар мектеп қабырғасында жиі қозғалады. Ал ажырасудың балаға әсері әрине оң болмайды. Дегенмен ол екі жаққа да байланысты. Баланың моральдық денсаулығын қалыпты сақтап қалуға болады: Егер екі жақты сыйластықпен, екеуара белгілі бір мәмілеге келіп, ұрыс-керіссіз, бір-бірінің ар-ожданына тимей, ауыр сөздер айтпай және болып жатқан қатынасты балаға боямалап, әсірелеп жеткізбей, ақылмен шешетін болса, онда ажырасудың балаға аса бір зияны тимейді. Себебі, қазіргі заманның балалары ажырасу дегеннің не екенін, екінші әйелмен тұрып жатыр дегеннің не екенін біледі. Бірақ ең бастысы, үйдегі ахуал қалай болады, ол мәселе қалай шешіледі, сол ғана балаға әсер етеді.

Бұрын тіпті әйел адамдар өлімші болып таяқ жеп жатса да, басқа бір қиын жағдайлар болса да балаларды асырап отырған осы деп, неге де болса шыдаған. Ал қазір көп әйелдер жұмыс істейді. Ер азаматтармен бірдей, немесе олардан да көп табыс тауып жатқан мысалдар бар. Сондай-ақ кім үйде көп табыс табады сол билік жүргізеді деген қағида бар және бұл тәжірибе жүзінде шындыққа саяды. Сондықтан да отбасын сақтап қалу үшін отбасылық дәстүрлер ойлап тапқан дұрыс. Ата-анасы жиі баламен болатындай, отбасы бас қосатындай жанұялық дәстүрлер болса, ол отбасы мүшелері  арасындағы байланысты сақтап тұрады, – деп сөзін түйіндеді.

P.S.

Бұрын ажырасу мүлдем болмаған елімізде бүгінде отбасының бұзылуы тым көп және олардың істері көп жағдайда дау-дамайға ұласатындығын келтірілген деректер арқылы біліп отырмыз. Яғни бұл елімізде отбасы құндылықтары ежелден дұрыс қалыптаспағанын көрсетеді. Әйел теңдігі жоқ кезде ажырасу мәселесін сөз етудің өзі мүмкін емес еді. Қазір еліміз заңды-заңсыз некеге тұра береді де, соның салдарынан ажырасқанда дауласып жатады. Бұл заңгер айтқандай, неке құру мен ажырасуда халықтың көпшілігінде сауат аз дегенді білдіреді. Елімізде отбасы құндылықтарын заманға сай дұрыс насихаттау және некеге тұру мен ажырасудың жауапкершілігін сезінуді үйрену бағытында көптеген жұмыстар жасау керектігін көрсетсе керек.

Дайындаған Балжан Жеңісқызы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.