06-06-20 |
2250 рет қаралған
«Біздің қоғамда барлық жағдайда қыз кінәлі».
«Біздің қоғамда барлық жағдайда қыз кінәлі»

Әсия Бағдәулетқызы, журналист, мәдениеттанушы:

– Жалпы, қоғам деген күрделі формация ғой, оның мүшесі, адам болып өмір сүру қиын. Ал әйел заты болу, әсіресе Қазақстанда, тіпті қиын. Сондықтан өзіңнің есіңде ұстайтын кейбір жайттар болады.

1. Айналаңдағы адамның бәрі – не киесің, не ішесің, қайда барасың, кіммен араласасың – бәріне килігіп, жол сілтегісі келіп тұрады. Бірақ сен тура сол ақыл айтушылар сияқты адамсың, өзіңнің басың бар, ешкім қайталай алмайтын өмірлік жолың бар. Құдай сені олардан бөлек адам заты етіп жаратты ғой, басқа біреудің ағзасындағы бір жасуша емессің. Өз жолы болсын деп, өзіңе ғана тиесілі, дербес өмір берді. Сана иесісің. Өз таңдауың бар. Және оны қанша шуылдап, тұқыртып, басынғысы келсе де ешкім сенен тартып ала алмайды.

2. Бала кезіңнен «оқу қума, қыздың мұраты басқада» деп құлағыңа құяды. Тіпті кітап оқып отыратыныңды, не басқа қызығушылығың барын келемеждеп, мазақ қылатындар болар. Бірақ сен де Құдайдың махаббатпен жаратқан пендесісің, сенің де табиғатыңнан бір нәрсеге бейімің, жүрегің сусап іздейтін бір жарық болады. Қоғам белгілеп берген шеңбердің ішінде ғана емес, одан шығып та армандауға болады. Адам армандай алмаса, несі адам? Біреу шекарасын белгілеп берсе, оның несі арман? Әйел заты да адам, демек оның да рухы, арманы, аңсары болатыны табиғи құбылыс. Сенде де басқаларда бар мүмкіндіктің бәрі бар. Әйел затының ақылы кем емес, ешқашан кем болған емес; тек жұмыс істеуге, рухының мықтылығын, ақылының жүйріктігін көрсетуге мүмкіндігі ғана аздау болып келді. Дәл қазір ер мен әйелге бірдей мүмкіндікті пайдаланатын; теңдік жоқ жерде қоғамнан, жұмыс орындарынан, мемлекеттен оны талап етуге болатын; өз арманың үшін күресуге болатын уақыт.

3. Бала кезіңнен саған сұқтанып, реті келсе қолыңнан, беліңнен, т.б. ұстап қалуға тырысатын таныстар, автобуста тұрғанда әдейі тақалып тұратын, көшеде былапыт сөздерін ақтара салатын бейтаныстар болады. Әрине, оның бәрі сені өлтіріп тастамайды. Жаман ойын білдірген кейбіреулерге тойтарыс беріп, кейін тіпті дос болып кетуге болады; мықты екеніңді түсінгенде олар жым болады. Бірақ ондай әр әрекеттен, әр жаман пиғылдан жаның қорлана береді; сен ешқашан оның сені өзінен төмен зат санайтынын, тиісуге, буллинг жасауға болады деп ойлайтынын ұмытпайсың, жадыңда ұстайсың. Және бұл салауатты қоғамның белгісі емес. Harassment пен буллингті тоқтату керек, ол норма болмау керек. Қыз болып туылғаным үшін ғана (ұл болып туылғанының негізінде ғана) мені ешкім басына алмайды. Бірден айтайын, «ешкім тиіспесін десең оранып жүр» деген ешқандай да аргумент емес. Оранып жүрген қыздарға да талай нәрсе айтылып жүр, естіп, біліп жүрміз. Жалпы адамның дінді ұстануы/ұстанбауы, ұзын/қысқа киюі, суретке қалай түсетіні, т.б. өзінің ғана шаруасы. Ондай нәрселердің негізінде адамды кемсітуге, қорлауға ешкімнің құқы жоқ. Демек есіңде болсын, біреулердің мейірімсіздігі, дөкірлігі, ынсапсыздығы, сыртыңнан жапсырған стереотиптері сенің кім екеніңді анықтай алмайды; сенің өзің туралы пікіріңді де өзгертпеуі керек.

4. Біздің қоғамда барлық жағдайда қыз кінәлі. Күйеуге шықпай жүкті болды ма, кінәлі, ажырасты ма, кінәлі, бала тумады ма, кінәлі. Бірақ не нәрсеге кінәлі екеніңді өзің ғана шешесің. Өмір сүрудің жалғыз жолы басқалар айтқандай емес.

5. Қыздың орнын көрсетіп, тұқыртқысы келіп тұратындар көп болады. Бұл сенің қысылып-қымтырылып жүруіңе негіз емес. Бұл қайта солардың адамгершілік деңгейінің, мейірімсіздігінің, миларындағы шекаралардың көрсеткіші. Өйткені сексизм адамгершілікке жат па? Жат. Буллинг адамгершілікке жат па? Жат. Біреуді кемсіту, қорлау арқылы тәрбиелеп жіберіпті дегенді көрген емеспін, қайта жанын жаралайды, жүрегін қатайтады. Соны түсіне алмайтындардан қысылма, оларды қайта аяу керек. Сенің туың адамгершілік, сенің миыңда, ақылыңда адам баласын жынысына, жасына, нәсіліне, дініне қарамай, АДАМ деп танып, жақсы көру керек, «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген қағида бар. Ал соны өзінше түсінетіндер жүрсін солай, өз өмірі, өз түсінігі. Тек олардың ортағасырлық ойлары сенің өміріңді, санаңды былғауына, улауына жол берме.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.