Астанадағы банктен ондаған миллион теңге жымқырды деп күдікке ілінген азаматша Ресейден экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Ресей Федерациясынан аса ірі көлемде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті жымқыру қылмысы үшін күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында экстрадициялады. Тергеу мәліметтері бойынша, ол 2015–2017 жылдар аралығында Астанадағы банктердің бірінің филиалында жетекші менеджер бола отырып, 31 миллион теңгеден астам ақшаны иемденіп, ысырап еткен», – делінген жұма күні таратылған хабарламада.
Қадағалаушы органның мәліметінше, «қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынған және осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған».
«Өткен жылдың маусым айында іздеуде болған азаматша Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында ұсталып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды. Тағылған айып бойынша оған жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген», – деп мәлім етті Бас прокуратура.