Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен Атырау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев екеуі 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталғанын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет растады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Атырау облысы әкімінің орынбасары мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысына қатысты тергеуді бастады.
Олар Атырау қаласында Абай ескерткішін жасау және орнату бойынша 145 млн. теңге сомасына мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС басшысынан 4,5 млн. теңге сомасында пара алу күдігіне ілінді.
Күдікті ұсталып, Атырау қаласының ПБ УҰИ-на қамалды.
Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды», – делінген мекеме таратқан ақпаратта.
Бақытгүл Хаменова Атырау облысы әкімінің орынбасары болып 2020 жылдың наурыз айында тағайындалған. Одан бұрын мәжіліс депутаты болған.