28 мамырда облыстық «Антикор» жедел уәкілдері «Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті» КЕАҚ басқарма төрағасы – ректор Әсет Қалиевті ұстап, үйінде тінту жүргізген. Бұл туралы ratel.kz хабарлады.
Қалиев 12 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.
Облыстық Антикор мен облыстық прокуратура бұл мәселе бойынша ақпарат таратпады.
Әсет Қалиев Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясын хирургия мамандығы бойынша бітірген. 1997 жылы университетті бітіргеннен кейін Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясының госпитальдық хирургия кафедрасында клиникалық ординатор болып еңбек жолын бастаған.
Қалиев 2022 жылдың қыркүйегінен бастап М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры қызметін атқарып келген.