03-08-21 |
1460 рет қаралған
Берік Шәріп: Жауапкершілікті мойныма алғаным үшін қамауда отырмын.
Берік Шәріп: Жауапкершілікті мойныма алғаным үшін қамауда отырмын

«СК-Фармация» ЖШС бұрынғы басшысы Берік Шәріп сотта соңғы сөзін айтты. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейді. Экс -шенді Есіл аудандық сотында «жауапкершілікті мойнына алғаны үшін әділетсіздікке ұшырадым» деп ақталды.

«2020 жылы сәуір айында медицина қызметкерлеріне арналған қорғаныс құралдарын сатып алу өзекті мәселеге айналды. Сондықтан бәрін стандартты түрде жасауға және барлық рәсімді ұзақ күтуге болмады. Сол кезде қызметтік чат құрылды. Оған денсаулық сақтау министрлігі мен комитеттің барлық мүдделі құрылымдардың басшылары қосылды. Денсаулық сақтау министрлігі мен ведомствоаралық комиссияға тиісті хабарландыруларды көрсетіп, шекаралар жабық екенін айта салуға болар еді. Ұсыныс жоқ, сатып алу жұмыстары да атқарылмайтын еді. Бірақ мен олай істей алмадым. Жауапкершілікті өз мойныма алып, шешім қабылдадым. Содан, міне, 11 айдан бері тергеу изоляторында отырмын», – деді Шәріп.

«СК-Фармацияның» бұрынғы басшысы осыған дейінгі жылдарға қатысты статистиканы да келтірді. Оның айтуынша, 2002-2003 жылдары SARS вирусы тарап кеткенде әлем бойынша ауруды жұқтырғандардың 21 проценті медицина қызметкері болған.

«Қазір соған ұқсас статистика байқалады. Мәселен, Италияда вирус жұқтырған 6 200 адам – медицина қызметкері. Сол сияқты Испанияда 6 500-ден астам медицина қызметкері коронавирусқа шалдықты. Бұл барлық науқастардың 12 процентіне тең. Бірде-бір мемлекет осы инфекцияға дайын болмады», – дейді Шәріп.

Осы орайда ол сотқа дейінгі тергеу органдарының гуманитарлық көмекті де тексеріп шыққанын еске салды. «СК-Фармация» бәрін сол күйінде аймақтарға таратып бергенін айтты.

«Мен ауруханалар мен емханаларда жатқан науқастарға қажетті дәрі-дәрмекті және медициналық бұйымдарды уақытында жеткізуге тырыстым. Осы жұмыс ашық әрі түсінікті болсын деп, барынша автоматтандыруға күш салдық. Мен жұмыс істеген 2018-2020 жылдар аралығында бюджеттің 65 миллиард теңгесі үнемделді. Осының арқасында денсаулық сақтау министрлігі тегін дәрі-дәрмек алатын адамдардың тізімін кеңейтті», – деді Шәріп.

«СК-Фармация» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Берік Шәріп 2020 жылдың тамызында ұсталды. Ол пандемия уақытында медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет дәрігерлердің вирус жұқтыруын күдіктінің заңсыз әрекетінің салдары деп атады.

Бұдан бөлек, Шәріп қару-жарақты заңсыз сақтаған. 2006 жылы ол Шымкенттің «Арсенал» дүкенінде тапанша сатып алған. Бірақ уақытында тапсырмады.

Прокурор оны Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Бұдан бөлек, «Ерен еңбегі үшін» наградасын қайтарып алуды ұсынды.

4 тамызда «СК-Фармация» экс-басшысының ісі бойынша үкім шығарылады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.