Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық қоғамды дүр сілкіндірді. Оқиға болған түні қылмысқа себеп ретінде тұрмыстық жағдай, оның ішінде харассмент себеп болуы мүмкін деген бейресми ақпаратты блогерлер кеңінен таратқан еді. Бірақ Шымкент полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды, күдіктінің әйелі жәбірленушімен таныс болмағанын жеткізген. Қылмыс жасаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіле бастады.
Өкінішке қарай, елімізде кезекті іс жалған ақпарат таратумен және ақпараттық манипуляция жасаумен басталды. Блогерлер ресми органдардың мәлімдемесін күтпей жатып, күмәнді ақпаратты лезде таратып үлгерді. Бұл жерде тек зардап шеккен тараптың ғана емес, айыпталушы тараптың да жеке деректері, отбасылық суреттері желіге тарап үлгерді. Берденовпен партиялас әріптесі Айдарбек Қожаназаров желіде «Жалған ақпаратқа сенбеңіздер! Руслан нағыз азамат жігіт. Мемлекетшіл жігіт. Отбасына аман-есен оралуына тілектеспін» деп жазды. Ал Орда сайты ауруханада хәл үстінде жатқан азамат туралы «Бэтмен не сдается» деп сарказммен тақырып берген. Кейін ақпарат көздерінде әкім орынбасарының отасы 4 сағатқа созылғаны, оның жағдайының тұрақты ауыр екені белгілі болғанда, айтулы сайт «Берденов будет жить» деп мақала тақырыбын өзгерте салған. Сондай-ақ желіде күдіктінің, оның әйелінің суреттері, инстаграмм парақшасына дейін тарап кеткен. Медиатренерлер қазір еліміздің блогерлердің ақпараттық қысымында тұрғанын және солардың ақпаратымен өмір сүріп жатқанын баса айтады. Ал мұның салдары қандай болмақ? Жалған ақпаратты таратудың жауапкершілігі қандай? Бұл туралы мамандар пікір білдіреді.
Есенгүл Кәпқызы, журналист, медиатренер:
Мұның салдары тергеу барысына әсер етеді
— Біріншіден, біздегі сайттар, ақпарат құралдары блогерлерден, әлеуметтік желіден несімен ерекшеленеді дегенді көпшілік түсінбейтін сияқты. Мысалы, блогерлер, әлеуметтік желідегі инфлюенсерлердің жариялаған ақпаратын айна—қатесіз көшіріп басады. «Дейді» деп тақырыпты қойып, бере салады. Бұл тек Берденовке қатысты мәселе емес, жалпы бұл біздің қазақ журналистикасындағы тенденция боп тұр. Өйткені ақпаратты жарияламас бұрын верификация жасау, тексеру деген нәрсе қазіргі сайттардың көбінде жоқ. Сондықтан «Айгүл Орынбек айтты», «Ләззат Ахатованың айтуынша» деп айқайлатып жаза салады.
Біз «Масс медиа туралы» заң қабылдап, онда медиа этика туралы баптарды енгіздік. Әрине, біз бұған қарсы болдық, бірақ жалпы журналистиканың негізгі принциптері бар. Сол принциптердің бірі де бірегейі – шындықты іздеу және тарату боп саналады. Сондықтан шындық дегеніміз не деген нәрсеге үңіліп көрсек, ол жазылушысы көп, хайп қуған блогерлердің немесе медиа инфлюенсерлердің ақпараты емес. Ол түгілі ресми басылым боп саналатын «Егемен Қазақстан» газеті немесе Qazaqstan арнасында жарияланған ақпаратты тексеру керек. Олар әлі де сенімді дерек көздері емес. Тексеру үшін не істеу керек? Ең бірінші осы дереккөзді таратып отырған адамнан нақтысын сұрау керек. Мәселен, қазіргі оқиғада «әйеліне көз тікті» деді, ал сол әйелі «мен ондай адамды білмеймін, танымаймын» деп отыр. Бірақ елдің бәрі бірінші кезекте осы нұсқаны таратып жіберді. Басында осы нұсқаны таратып отырған блогерлер кейін ақпарат таратқан сайттарды кінәлап шықты. «Олар жалған ақпарат таратты екен» деп ақталды.
Екіншіден, күдіктінің жұмыстан қуылғанына бастап қандай да бір тендерларға қатысты әңгімелер шығып жатыр. Бірақ мұның барлығын бірінші кезекте тексеру керек. Тексерудің бірінші жолы – ең алғашқы дереккөзін анықтау. Одан кейін куәгерлерді әңгімеге тарту. Берденовтың қасында шопыры болды ма, ол да куәгер. Айыпталушыны кім көрді, оны да анықтауға болады. Күдікті деген адамның аты-жөнін құқық қорғау органдары жарияламайынша және тергеу амалдары бітпейінше, ол ақпарат елге таралмауы керек. Және бұл жағдайда оны күдікті деп айтуымыз керек. Зардап шегуші адамның да, қылмысты жасаған адамның да жеке бас деректерінің жариялануы бұл журналистер тарапынан жасалып отырған өрескел қателік болды.
Бұның салдары қандай? Бұл ең алдымен тергеу барысына әсер етеді. Күдіктінің жақын туған-туыстарының психологиясына әсер етеді, оның ішінде әйеліне, туысқандарына буллинг жасалуы мүмкін. Екіншіден, тергеу амалдарын ақпараттық манипуляцияның әсерімен жүргізу деген мәселе туындады. Оны біз Шерзат оқиғасында да көрдік. Сондықтан бұл судьяға да, тергеушіге де, прокурорға да әсер етпей қоймайды. Сол себептен ақпараттың тергеу амалдары шықпағанша жарияланбағаны дұрыс болады.
Берденовке қастандық жасалғаны туралы ресми ақпарат қайда деп шулап жатқандар да болды. Ресми ақпарат таратылмай, блогерлер шулап кетті. Біз блоггинг және блогерлердің ақпараттық қысымында отырғанымыз және солардың ақпаратымен өмір сүріп жатқанымызды жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, мейнстрим дейміз ғой, тіркелген ресми медианың әлеуметтік желі қолданушыларынан айырмашылығы неде? Олар оқиғаның бел ортасында жүреді. Мәселен, Ақсәуле Әбітай Курсив басылымында «Берденовке оқ атты деген күдікті жұмыс істеген қандай мекеме» деп мақала жариялапты. Сондай бір зерттеуді жарияласа, блогерлердің аузынан шыққанды көшіріп қойып отырмаса болмай ма? Қоғам үшін дезинформацияның салдары күшті болады.
Салтанат Әскербекқызы, медиатренер, PR саласының сарапшысы:
Жәбірленушінің де, күдіктінің де жеке дерегі бірдей сақталуы керек
— Кез келген қылмысқа, тергеуге, іске қатысты сотқа дейінгі кезеңде ақпаратты таратпау Қылмыстық Кодекстің 201-бабы бойынша реттеледі. Кез келген медиа өкілі, ол журналист, не блогер болсын Қылмыстық Кодекстің бұл баптарын сақтауы керек. Ал адамның жеке дерегін таратпау 147-баппен реттеледі. Адамның жеке деректерін, атап айтқанда, аты-жөні, туған жылы, фотосы тағы басқа деректерін қосқан кезде қолхатсыз таратуға болмайды. Мәселен, сот әлі басталған жоқ, ал біз бұл адам туралы айтып жатырмыз, бұл заңға қайшы. Өкінішке қарай, тіпті медиа мамандары да бұл талапты орындай бермейтінін көріп отырмыз. Мәселен, медиа маман Сырым Итқұловтың жазбасын көзім шалып қалды да, оған «неге сіз адамның жеке деректерін, аты-жөнін, туған жылын, айын көрсетесіз» дедім. Ол «міне, мұны ҚазТАГ та жазды ғой» деп отыр. Бірақ әр адам өзі үшін жауап беруі керек. Бұл белгілі бір стереотип. Бұл этиканың жоқтығы. Яғни, «анау айтты ғой, мен де айтам» деген қасаң ұстаным. Сілтеме жасағанның өзінде адамның өз парақшасына салуы өзіне жауапкершілік алғаны боп саналады. Дерегін ал, бірақ жеке ақпаратты өшіріп тастау керек. Күні бойы тайталасып, біраздан кейін ол жекеме жазып, «жеке деректерді алып тастадым» депті.
Өкінішке қарай, медиа мамандардың өздері осындай нәрсе істеп жатса, басқадан не күтеміз? Медиасауат дегеніміз не? Ол медиа кеңістікте, ғаламторда заңдарды бұлжытпай орындаумен қатар, мәдениетті, этиканы сақтау ғой. Ұзын сөздің қысқасы, бізде тағы бір мәдениет әлі қалыптасқан жоқ, яғни, заң білмеу және заң білмейтін адамға түсіністікпен қараудан бөлек, бізде қарапайым адамды адам ретінде қабылдау мәдениеті әлі де кемшін. Мысалы, біз міндетті түрде адамды ең алдымен жынысына, ұлтына, түріне, түсіне қарап бөлеміз. Бізде әр адамға Конституция, Ата заңмен құқықтар берілген. Әр адамның жеке құпиясы да сақталуы керек. Бұған қатысты заң нормалары толып жатыр. Бірақ экономикамыз бен халықтың әл-ауқатының деңгейі осы сауатқа келіп тіреледі.
Адамды адам ретінде сыйлау, санасу маңызды. Мәселен, тіпті соғыстың да мораль тұрғысынан алғанда «бейбіт тұрғындарды атпаймыз» дегендей өз ережелері, мәдениеті болады ғой. Өкінішке қарай, ХХI ғасырды эмоцияның ғасыры дейміз ғой, ядролық қарудың керегі жоқ, ақпараттың өзі үлкен қару боп тұр. Сол себепті эмоциямызды ұстай алмай, жұртты елең еткізу үшін ақпаратты тексермей таратып жіберетін медиалар «бауырсақты» күйдіріп тұрып, ыстық күйінде беріп жатыр. Этикаға келсек, кейбір БАҚ-тар Берденовты «Бэтмен» деп, артынша Берденов деп беріп отыр. Тілі өткір әріптестер тақырыптарын да өзгертіп жатыр. Жәбірленушіге төрт сағат операция жасаған деген ақпарат тараған соң, бұлар да оққа ұшқан адамның алдында ұялған шығар. Расында да, анық-қанығын білмей, куәсі дәлелденбей жатып, ақпарат тарату дұрыс емес. Мәселен, «біреудің әйеліне тиісті» деген сыбыс қана, дәлелденген жоқ. «Біреудің алдын кесіп кетті» деген ақпарат та дәлелденбеді. Айғайлайтын тақырыптарды қойып, оны қандай мақсатта пайдаланатыны да бәрімізге түсінікті.
Журналистика шығармашылық алаңы деп есептеп, тақырыпты креатив тұрғысынан беру жақсы шығар, бірақ атыс-шабыс кезінде біреу жараланып жатқанда, сарказммен тақырып қойып, қызыл тілге салыну этикаға жатпайды. Сол себепті мен ортадағы әріптестестердің өз қателіктерін түзеткеніне қуаныштымын. Сондықтан екі тараптың да жәбірленушінің де, күдіктінің де ақпараты бірдей сақталуы керек.
Жеке адамдардың суреттері, видеолары тарап кеткен соң, оны кейбіреулер сақтап алады да кейін теріс мақсатта пайдаланады. Қазір Жасанды интеллект дамыған сайын монтажды да оңай жасауға болады. Фейк ақпарат тарап кетеді. Сол себепті адам сенің жеке фотоң мен видеоңды қалай пайдаланады, оны біле алмайсың. Сондықтан кейбіреулер оны жеке мақсатта да, тіпті өзіне қарсы да пайдалануы мүмкін. Ақпараттық заманда мұның осындай кері әсері бар.
Кәмшат Айтбайқызы