Жетісу облысында алиментті қасақана төлемей жүрген адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алакөл ауданының тұрғыны 5 жыл бойы балаларына алимент төлеуден жалтарған. Бұл туралы облыстық прокуратурадан мәлім етті.
Ер адамның бес жылда алимент бойынша 2,6 млн теңге көлемінде қарызы жиналған.
«Аудан прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуге бастамашылық жасап (балаларды асырауға қаражат төлеу бойынша міндеттерін орындамау), ол сотқа жіберілді. Сот үкімімен борышкерге пробациялық бақылау белгілене отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығы шектелді», – делінген хабарламада.
Жыл басынан бері прокуратура шараларымен алимент төлемеген 206 адам әкімшілік жауапкершілікке, 6 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Жетісу облысының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғауға бағытталған түбегейлі шара қабылдауды жалғастырады.