10-07-19 |
2280 рет қаралған
«Біз сот жүйесінен әділдік таппай, шарасыздан келіп тұрған қарапайым азаматтармыз».
«Біз сот жүйесінен әділдік таппай, шарасыздан келіп тұрған қарапайым азаматтармыз»

Бүгін, 10 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында сот шешімдеріне наразы отыздан аса азамат биліктегі «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесіне келді. «Назарбаев орталығы» аталатын ғимарат алдына жиналған адамдар ведомствоаралық комиссия құрылып, істердің қайта қаралуын сұрайды, деп жазды Азаттық.

«Біз ешқандай саяси ұйым я қозғалыс, оппозиция емеспіз. Біз сот жүйесінен әділдік таппай, шарасыздан келіп тұрған қарапайым азаматтармыз» деді жиналғандардың бірі Әділхан Шынтасов.

Кеше, 9 шілде күні Қазақстан астанасында ондаған адам президент әкімшілігінің алдына жиналып, өздеріне немесе туыстарына шыққан сот үкімдеріне наразылық білдірді. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді талап етті. Олар кешке дейін ғимарат алдында тұратынын айтқан.

Наразы топ бұған дейін де президент Тоқаевпен кездесуді талап етіп, Ақорда алдына жиналған. 4 маусымда Нұр-Сұлтанда «Нұр Отан» партиясының орталық ғимараты алдына жиналған топ «әділетсіз сот жүйесіне» наразылық білдіріп, мәселелерін шешетін арнайы комиссия құруды сұраған. Кейбірі партияның ғимаратында қонып қалған еді. Ол кезде Тоқаевтың басқа өңірде жүргені хабарланып, наразылармен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев кездескен, мәселелерін қарау үшін арнайы комиссия құрылады деп уәде еткен.

Алайда бүгінгі жиналғандар әлі күнге дейін ешқандай комиссия құрылмағанын айтады. Олар өздерін сайлау алдында билік партиясы алдады деп есептейді.

Наразылар «Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың отставкаға кетуін» талап етеді. Жиналғандардың ішінде «заңсыз сот шешімінің негізінде жалғыз баспанасынан айырылдық», «баласының өлімін дұрыс тергемеді», «жақынын жазықсыз түрмеге отырғызды» деп келгендер болған. Наразылардың арасында Алматы, Көкшетау, Петропавл және Павлодар қалаларынан барған адамдар бар.

Нұрсұлтан Назарбаев биыл 19 наурызда өзінің президенттіктен кететінін жариялаған. Алайда ол «Нұр Отан» партиясының жетекшісі және Қауіпсіздік кеңесі төрағасы болып қала беретінін мәлімдеген. Қазақстанның бірінші президентінің мәртебесі мен өкілеті Конституцияға енгізілген. Былтыр шілденің 12-сінен бастап Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқаратын артықшылыққа ие болды.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.