Лондонға тіркелген Victoria Oil & Gas мұнай-газ компаниясы Кемерколь кен орнын игеру жөніндегі келісімшарттың бұзылуына байланысты Қазақстанға қарсы арбитраждық талап қойды.
Талап 21 наурызда ресми түрде тіркелді. Victoria Oil & Gas Қазақстаннан өндіріп алғысы келетін сомасы әзірге белгісіз, бірақ төрт жыл бұрын компания бұл шығынды шамамен жарты миллиард доллар деп бағалаған. Арбитраждық процесте Қазақстан тарапын Әділет министрлігі қорғайды.
Компания 2006 жылы Атырау облысындағы Кемерколь кен орнын игеру келісімшартын алған және бірнеше ұңғыма бұрғылап үлгерген. Алайда 2008 жылы облыстық экономикалық сот оның лицензиясын қайтарып алып, кен орнын басқа жер қойнауын пайдаланушы – «Бақыт Тау» ЖШС-не берген. Британдық компания өз құқықтары үшін күресетінін мәлімдеді. Ұлыбритания мен Канада соттары олардың пайдасына шешім шығарған.
Соған қарамастан, сот дауы әлі аяқталған жоқ. 2021 жылы британдық компания Қазақстан билігімен соттасуға ниетті екенін тағы да мәлімдеді, ал шығын сомасын жүздеген миллион доллар деп бағалады.
Кемерколь кен орнының экономикалық маңызы аса үлкен емес. 1991 жылы оның қоры 15 млн тонна деп бағаланған, ал соңғы есеп бойынша 4 млн тонна ғана, оның тек 1 миллионы өндіруге жарамды.
«Кен орны жүздеген миллион доллар тұратын активке жатпайды, бұл Стати ісінен (Боранколь мен Толқын кен орындары) мүлде өзгеше жағдай. Сондықтан бұл шағымның экономикалықтан гөрі саяси мәні басым болуы мүмкін», — дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов.
Бұған дейін Қашаған кен орнындағы шетелдік инвесторлар Қазақстанға қарсы арбитражда жеңіске жеткен болатын.